Қылмыстық сот ісіндегі медиация

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 1430
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Медиация – белгілі бір механизм емес, ол дауларды шешудің баламалы әрі ең қолайлы тәсілі ретінде танылады. Медиатор дауласушы жақтарға ортақ шешімге келудің жолын көрсетеді, ал медиатор шешім қабылдауға араласпайтын бейтарап жақ болып танылады. Медиацияның ең басты ерекшеліктеріне еріктілік, рәсімнің құпиялылығы, қысқа мерзімде келісімге келу, келіссөздер жүргізу арқылы ортақ мызғымас шешім қабылдау, тараптардың тең құқылығы жатады. 

Қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуге медиация институтының негізінде делдал енгізу жақтардың татуласу институтының құқықтық дамуына жол ашады. Елімізде жақтарды медиатордың көмегімен татуластыру институтын енгізу талапкер, жауапкер, айыпталушы мен жәбірленуші тараптарға қылмыстық сот ісін жүргізу қағидаттарын сақтаудың қосымша кепілін береді. 
Медиацияны қылмыстық істер бойынша қолдануды қылмыстық заңнамамен реттеу мәселесіне келсек, қылмыстық құқықтағы медиация медиаторлармен қолданылатын арнайы әдістер жиынтығын реттейді. Қылмыстық кодекстің 68-бабында татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату бөлігі бекітілді. Қылмыстық кодексінің 68-бабына сай онша ауыр немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам келтірілген зиянды қалпына келтіріп, жәбірленушімен татуласса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады. 
Заң аясында медиацияны қолданудың ережелері адам өлімімен, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Сот міндетіне тек заңмен бекітілген 68-бап талаптарын түсіндіру кіреді, сот ешкімді мәжбүрлеп жүктемейді. Ал медиатор сот төрелігін іске асырумен байланысты емес бейтарап тұлға ретінде сотталушы мен жәбірленушінің татуласуына жағдай жасайды. Екі жақ медиативті келісім құруға өз еркімен келіскен жағдайда сотталушы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігін іске асырады. Сондай-ақ, қылмыстық процестік кодексінің 85-бабымен медиатор процессуалды тұлғаның өкілеттілігі бекітіледі. 
Медиацияны толық қолдану сот қызметінің жұмысын оңтайландырып, жұмыс жүктемесін анағұрлым азайтуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Медиация  рәсімін енгізу мен қолдану қоғамдық қарым-қатынастың мәдениетін арттырады. Медиация институтын азаматтық сот ісін жүргізумен қатар қылмыстық істерді қарау барысында қолдану Қазақстанда медиацияның дамуына әрі бірегей құқық қолдану практикасын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

Е. Үстелбаев,
Жамбыл аудандық сотының төрағасы