Сот төрағасымен кездесті

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 990
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Атамекен» алаңында кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденовпен кездесті. Шара аясында облыстық сот және кәсіпкерлер палатасының соттармен қарым-қатынасы жөніндегі биылға арналған бірлескен іс-шаралардың орындалуы, кәсіпкерлер ісіне қатысты сот процесстеріндегі құқықтық қамтамасыз ету мәселелері, облыс соттарында медиацияны енгізудің алғашқы нәтижелері талқыланды.

Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Нұрланбаев, кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов пен судьялар Болатбек Зағиев, Нұргүл Жекенова және бизнес өкілдері қатысты. Өз сөзінде Мейрамбек Таймерденов өңірлік кеңес мүшелеріне алғысын білдіріп, бизнестің мемлекеттің барлық саласына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. 
– «Атамекен» шағын, орта, ірі бизнестің мұң-мұқтажы талқыланып, шешілетін бірегей алаң. Барлық мәселе осы жерде өз шешімін табуы тиіс. Өздеріңізге мәлім, соттарда арыз-талаптарды тапсыру, сот актілерін қарау, сот отырыстарында ашықтықты қамтамасыз ету бойынша қомақты жұмыстар атқарылған. Сіздермен кездесу арқылы кәсіпкерлерді алаңдатып жүрген мәселелерді білгіміз келеді, – деді облыстық сот төрағасы.
Өңір бойынша 32 мамандандырылған, аудандық және қалалық соттар жұмыс істейді. Мейрамбек Таймерденовтің сөзінше, сот процестерінің көбі мемлекеттік сатып алу, салық және жер қатынастары, мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдану салаларына байланысты. Сот пен бизнес арасындағы кездесу екіжақты әріптестік аясындағы іс-шаралардың бірі саналады. 
Айта кетейік, былтыр қараша айында кәсіпкерлер палатасы мен облыстық сот арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы жылдың қаңтарында 2018 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар аясында бірқатар жиын өткізілді. Бизнес өкілдері өзара серіктестікке дайын екендерін, кәсіпкерлер істері бойынша сот тәжірибесін жетілдіру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Сот шешімдеріне сараптама жүргізу бойынша жұмыстар басталды. Соның ішінде кәсіпкерлік субъектілері және кеден органдары арасындағы даулар бойынша сараптама жүргізілді. 
– Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда кәсіпкерлер шығарылған сот актілерімен келіспейді. Әсіресе, бұл жағдай кәсіпкерлердің қызметтегі тұлғалар немесе мемлекеттік органдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануы бойынша талап өндірісі қарастырылатын азаматтық істерге байланысты. Біздің ойымызша, бірлескен шаралардың табысты іске асырылуы кәсіпкерлік қызметке қатысты соттар қызметін жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов.
Екіжақты қарым-қатынас нәтижелерінің бірі ретінде кәсіпкерлер қоғамдастығы өкілдерінің облыстық сот жанындағы Қоғамдық кеңеске мүшелігін айтуға болады. Кеңес мүшелігіне өңірлік кеңес мүшесі Александр Хильниченко сайланды. Өңірлік кеңес мүшесі Римма Салықова соттарға медиацияны енгізудің оң тәжірибесін атап өтті. 
– Сотта медиацияның енгізілуі сот жүйесіндегі серпінді қадам деп санаймын. Бұл сотқа деген сенімділікті күшейтеді. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге сотқа жүгіну үлкен материалдық шығын әкеледі. Себебі, миллиондаған қаражатқа байланысты дауларда мемлекеттік баж көлемі қомақты. Сонымен бірге, медиация процедураларын жүргізу қаражатты қажет етпейді. Соттағы медиация соттың билік тармағы ретінде жеке және заңды тұлғалар арасындағы өзара түсіністікті сақтауға мүдделі екенін қоғамға танытады, – деді өңірлік кеңес басшысы.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер судьяларға сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. 
– Қазіргі таңда облыста талап-арыздардың 98,4 пайызы электронды нұсқада қабылданады. Облыстық сот сайтында «Төрелік» жобасы жұмыс істейді. Үйден шықпай-ақ қай жерде қандай сот процесі өтетінін білуге болады, арыз немесе шағымды жіберуге болады. 92 сот залы аудио және видеожазумен қамтамасыз етілген. Бірде-бір сот отырысы дыбыс немесе бейнежазусыз басталмайды, – деп атап өтті облыстық сот төрағасы.
Жиын соңында өңірлік кеңес мүшесі Жанна Телпекбаева ашық кездесу өткізген сот корпусына алғысын білдіріп, аталмыш жиындарды аудандарда ауыл кәсіпкерлерінің қатысуымен ұйымдастыруды ұсынды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА