ӨТІНІШ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1224
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

   Қоғам болған соң көптеген мәселенің түйінін білгісі келетіндердің болатыны анық. Өз құқын қорғау жолында құзырлы органдардан көмек сұрайтындар да табылады. Дәл 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов көпшіліктің қойған сауалдарына жауап беріп, кей мәселелерді өз бақылауына алатынын жеткізді. Өмірдің шындығы сұрақтардан анық көрінеді. Ендеше, құрметті оқырман, жалпыға ортақ мәселелердің жауабын біліңіздер!

 
СҰРАҚ: – Құрметті Мұрат Жәлелұлы! Мені көптен бері жеке куәлігіме қатысты мәселе мазалап келеді. Жасым 45-ке толғанда алған жеке куәлігімде жарамдылық мерзімі көрсетілмеген. Соны қазіргі уақытта қолдануға бола ма, әлде ауыстыруым керек пе?
Талдықорған қаласының тұрғыны
 
ЖАУАП: – Сұрағыңызды түсіндім. Еліміздің қолданыстағы құжаттандыру және тіркеу қағидаларына сәйкес азаматтарға жеке куәлік 10 жылдық мерзімге беріледі. Жарамдылық мерзімі көрсетілмегенімен сіздің төлқұжатыңызда жеке сәйкестендіру нөмірі анық жазылған. Яғни, құжатыңыз жарамды саналады.
 
СҰРАҚ: – Мені елімізге сырттан келушілердің көптігі алаңдатады. Оларды тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі? Мәселен, уақытша немесе тұрақты тұруға келушілердің бұрын сотты болғаны немесе қылмыстық жауапқа тартылғаны, теріс қылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке алынғаны тексеріле ме? Қылмыскер болғаны анықталса, қандай шара қолданасыздар? Шынында елімізге жұмыс істеуге келушілердің кейбірінің ауыр қылмыс жасағандығы жайлы деректер бар. Сондықтан ондай адамдардың қылмыс не теріс қылық жасамасына кім кепіл?!
Облыс тұрғыны
 
ЖАУАП: – Өте маңызды мәселе көтеріп отырсыз. Елімізге сырттан келушілер шекарамыздан өту кезінде мұқият тексеріледі. Сонымен қатар, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өтініш білдірген шетелдіктерден тұрақты мекенжайынан шығу парағы немесе өз елінің тұрақты тұруға келісім беру туралы құжаты және елінде қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығы туралы анықтама талап етіледі. Егер ондай адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны расталса, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берілмейді.
 
СҰРАҚ: – Мен Бабахова Гүлдара Ертелесқызымын, 1987 жылғы 2 шілдеде туғанмын. 2013 жылы оралман мәртебесін алып, тарихи Отаным Қазақстан Республикасына көшіп келдім. 2013 жылғы 14 мамырда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Маловодное ауылына тұрақты тіркелдім. Кейін отбасы жағдайыма байланысты, Атырау қаласына көштім. Тұрмысқа шықтым, балам бар. Жолдасым Қазақстан азаматы. Дегенмен, 2016 жылдан бері азаматтық ала алмай жүрмін. Атырау қалалық ішкі істер басқармасына барсам, Алматы облысынан құжаттарды сұратып, қатынас хат жолдағанын айтты. «Нұр Отан» партиясына да бардым. Осы мәселе бойынша көмек беруіңізді сұраймын. Сізге хабарласудан басқа амалым қалмады.
Гүлдара Ертелесқызы
Атырау облысы
 
ЖАУАП: – Маған сенім білдіргеніңіз үшін алғысымды білдіремін! Сіздің өтінішіңізді Алматы облысы облыстық Көші-қон қызметі басқармасы қарастырды. Атырау облыстық ІІД Көші-қон қызмет басқармасының сұраныс хатына Алматы облыстық ІІД Көші-қон қызметі басқармасы былтыр 2 маусымда жауап жолдағанын хабарлаймын. Сонымен қатар, арнайы тексеру жүргізген Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары Сіздің 2013 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Маловодное ауылында тіркеуде болғаныңызды анықтады. Сондықтан Атырау облыстық Көші-қон қызметі басқармасына барыңыз. Азаматтық алуға өтінішіңізді солар қабылдап, сіздің мәселеңізді шешуге көмектесуі тиіс.
 
СҰРАҚ: – Жақында жүргізуші куәлігін алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына емтихан тапсыруға бардым. Құжаттарыммен танысып шыққан мамандар менің атыма жазылған айыппұлдар бар екендігін, соған орай мемлекетке баж салығын төлеуім қажеттігін ескертті. Өмірімде жүргізуші куәлігін алғаш алғалы тұрғандықтан «Egov.kz» сайтына кіріп қарасам, айыппұл тұр. Сосын Қарағанды облысының ішкі істер департаментіне бардым. Айыппұл Алматы облысында FAW CA маркалы автокөлігіне 26.05.2016 күні жазылғаны белгілі болды. Алайда аты-жөндеріміз бірдей болғанымен жеке куәліктің нөмірлері сәйкес келмейді. Өмірімде Алматы облысына барып көрмеген басым жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алмай жүрмін. Осыған орай сізден шара қолдануыңызды өтінемін.
Әкімшілік бұзушылық картасының тіркеу нөмірі S-2016/18854 № дела 167588233018854, мемлекеттік нөмірі 699SLA05 Марка FAW CA 5021XXY
Бексултан Азимханов 
Қарағанды қаласы
 
ЖАУАП: – Қойған сіздің арызыңыз бойынша, Алматы облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы тексеру жүргізді. Әкімшілік бұзушылықтарды анықтауға және тіркеуге арналған «Бақылау» ақпараттық-автоматтандырылған іздестіру жүйесінде әкімшілік хаттаманы Алматы қалалық ІІД жергілікті полиция қызметкерінің толтырғаны анықталды. Соған орай аталған әкімшілік хаттама Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөліміне келіп түспегенін хабарлаймыз. Аталмыш мәселе Алматы қаласы, Алатау аудандық ІІБ өндірісінде болғандықтан сізге Алматы қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасына өтініш беру қажеттігін ескертемін.
 
СҰРАҚ: – Мен сізге Алакөл ауданынан хабарласып отырмын. Балықтардың уылдырық шашу маусымындағы шектеу кезінде қармақпен балық аулауға бола ма?
Алакөл ауданы
 
ЖАУАП: – Балық аулауға қызығатын адамдар білуі тиіс ақпаратты сұрап отырсыз. Заң бойынша жекеменшіктегі және мемлекеттің ерекше қорғауындағы су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады. Басқа кез келген су қоймаларында балықты қармақпен аулауға болады. Сондай-ақ, балық аулау кезінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларды қатаң сақтау қажеттігін естен шығармауыңыз керек.
 
СҰРАҚ: – Осыдан үш жыл бұрын жол ережесін өрескел бұзғаным үшін автоинспекция қызметкерлері менің жүргізуші куәлігімді алып, сотқа жолдаған болатын. Сот үш жылға көлік жүргізуге шектеу салған еді. Сол шектеудің уақыты бітті. Енді жүргізуші куәлігін алу үшін не істесем болады? Қайтадан емтихан тапсырамын ба?
Болат Дәуренбеков
Сарқан ауданы
 
ЖАУАП: – Сұрағыңызға рахмет. Еліміздегі бекітілген емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына сәйкес көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған тұлғаға жүргізуші куәлігін беру мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырылады: жүргізуші куәлігін алу үшін бекітілген нысан бойынша өтініш, жеке куәлік, медициналық анықтама немесе оның көшірмесі. Құжаттарды тіркеу-емтихан алу бөлімінің тұрғылықты жері бойынша бөлімшесіне тапсыру қажет. Сонымен қатар, сіздің басыңыздағы жағдайда теориялық емтихан тапсыру міндетті.
 
СҰРАҚ: – Былтыр жыл соңында құны 3 миллион теңге болатын қызметтік фотоаппаратымды ұрлаттым. Автокөлігімнен сөмкесімен алып, асықпай шығып кеткен адамның кескіні, бет-жүзі көшеге орнатылған бейнекамераға түсіп қалған. Алайда түсірілген шағымға қарамастан жоғалған аппарат табылмай тұр. Өзіңіздің жыл сайын беретін есебіңізде облыс орталығы бейнекамералармен толық қамтылып, қылмысты болдырмау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны айтылады. Алайда көлік тонаушыны анықтау қиынға түсіп отырғаны мені қынжылтады. Осыған сіздердің тараптан қандай көмек болады?
Жұмабай Мұсабеков
Талдықорған қаласы
 
ЖАУАП: – Сіздің фотоаппаратыңыздың ұрлануына қатысты қылмыстық іспен жақсы таныспын. Бейнекамералардың жазбаларына қарап, кәсіби ұрылардың әрекеті екенін өзіңіз де көрдіңіз. Қылмыстық істі ашу үшін барлық шаралар қолданылуда. Қаладағы бейнекамералардың жазбалары бойынша сіздің фотоаппаратыңызды ұрлаған тұлғаның Талдықорған қаласындағы жүрген аумағы зерделенді. Сонымен қатар, іздеу шаралары кезінде сіздің фотоаппаратыңызды табуға негіз болатын кейбір жайттар анықталды. Осы мәселелер бойынша жұмыс жалғасуда. Іздеу әлі аяқталмағанына байланысты кейбір мәселелерді ашып айтуға болмайды. Дегенмен, аталған іс бойынша іздеу шаралары әлі жалғасатынын және оны ашуға бар күшімізді салатынымызға сендіремін. Бұл іс менің жеке бақылауымда.
 
Мәди АЛЖАНБАЙ.