Генералға ескерткіш қойылды

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1595
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу жұртшылығына көзі тірісінде аңызға айналған полиция генералы Әбдіқадыр Болсамбековке арналған ескерткіш Сарқан қаласында ашылды. Биіктігі 4,5 метр болатын еңселі ескерткішті мүсінші Мирлан Азмағанбетов таза граниттен ойып шығыпты. Бюсттің ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық ІІД басшылығы мен жеке құрамы, полиция генерал-майоры Сағатбек Нұрахметов, генерал-майор Сұлтан Кусетов, ішкі істер органының ардагерлері мен Сарқан қаласының тұрғындары қатысты.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ашылу рәсімін атқарған облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбековтың өмірбаянына тоқталып, тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында сіңірген еңбегін таныстырып өтті.
– Әбдіқадыр Болсамбековтың қатары, замандастары – Ұлы Отан соғысына қатысқан жеңімпаздар. Олардың үлгілі өмірі, ғибратты ғұмыры келешек ұрпақтың есінде сақталуы керек, – деген Мұрат Жәлелұлы жаңа ашылған ескерткіш бюсттің маңыздылығына тоқталды. – Сондықтан бүгін ашылып отырған осынау ескерткіш Әбдіқадыр Болсамбекұлының ерлігіне, өмір жолына, атқарған қызметіне деген кейінгі ұрпақтың құрметін білдіреді. Соғыстан  кейінгі жылдарда халықтың қауіпсіздігі жолында еңбек етіп, қоғам тыныштығы үшін тер төккен генерал көзі тірісінде аңызға айналып, бар саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнады. Артына мол мұра қалдырған соғыс және тыл ардагері бақилық болғанға дейін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысты.
Салтанатты шара аясында көпшілікке генерал Әбдіқадыр Болсамбековтың өмір жолына арналған деректі фильм көрсетіліп, тарихи фотосуреттер көрмесі ұсынылды. Игілікті істің соңы мерекелік концерт пен спорттық сайысқа ұласты. Еске алу шарасына қатысқан көпшілік арнайы берілген астан ауыз тиді.

Өз тілшіміз