Салық қызметі қоғам талабына сай жетілдірілуде

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1370
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінде мемлекеттік кірістер органдарының елдің қаржылық ахуалын жақсартып, бюджетті қаражатпен қамтамасыз етуге қосып отырған үлестері зор. Соған қарай сала мамандарының атқаратын қызметтері де ауқымды әрі оларға жүктелер міндет те жоғары. Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Төленді КЕРІМБЕКОВпен болған сұхбат осыған байланысты өрбіп, саладағы жұмыстар әңгімеленді.     

 – Төленді Нұрдәулетұлы, жалпы мемлекеттік кірістер органдарының тарихына және оның атқаратын негізгі міндеттері мен мақсаттарына, соның ішінде өзіңіз басқарып отырған басқарманың қызметтеріне тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде салық қызметі қоғам талабына сай жетілдіріліп келеді. Нәтижесінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дамуына мүдделі болып отырған мемлекеттік органның біріне айналды. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылдың 6 тамызындағы № 475 Жарлығымен мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа реформаның жүргізілгені дәлел. Сол жылы 15 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 933 Қаулысымен бұрынғы салық, кеден және қаржы полициясының экономикалық қылмыстармен күресу бағытын біріктірген жаңа құрылымды Мемлекеттік кірістер органдарының тарихы деп айтсақ болады. Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, сонымен қатар, ел шекарасынан кірген әрбір тауардың соңғы тұтынушысына сатылуына дейінгі аралықтағы барлық қозғалысты, яғни, сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау. Ал енді қаржы және экономика саласындағы құқық қорғау құзыреті бар үшінші саланы қосу салықтан жалтаруға мүмкіндік бермеуді көздеген қадам. Барлық қаржы ағымын бақылауда ұстау, көлеңкелі экономиканы болдырмау саланың өз ішінен жүргізілуі тиіс деген ұстанымды білдіреді. 
 Баршаңызға белгілі, мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі – ол салықтың және бюджетке төленетін  басқа да міндетті төлемдердің уақытылы толық түсуін қамтамасыз ету. Бұл міндеттер салық әкімшілігін жүргізу жұмыстары арқылы іске асырылады. Ол дегеніміз – мемлекеттік кірістер органдарының салық бақылауын жүзеге асырып, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін жүзеге асыруды қамтамасыз ету тәсілдері мен салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, салық төлеушілерге және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсету болып саналады. Айта кетейік, салық төлеушіні салық органына тіркеу, салықтық есептілік нысандарын қабылдау, камералық бақылау, салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару, салық міндеттемесін, міндетті зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеу бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі хабарлама, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері, салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары, салықтық тексерулер арқылы құжаттық (кешенді, тақырыптық), хронометраждық зерттеп тексеру, қарсы тексеру жұмыстары да біздің міндетіміз. Сонымен қатар, халыққа және бизнес өкілдеріне салықтық қызмет көрсету сапасын жоғарылату бағытында жұмыс жүргіземіз. Жалпы, біздің басқарманың мақсаты – салық төлеушілерге қызмет көрсетудегі уақыт шығынын барынша төмендетіп, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін салық заңнамаларына енгізіліп жатқан толықтырулар мен өзгертулерді халыққа дер кезінде түсіндіру. 
– Жетістіктеріңіз бар ма? Қысқаша тоқталсаңыз. 
– Әрине, мемлекеттік бюджет бойынша белгіленген жоспар асыра орындалып, түсім артып келеді. Мұндай нәтижеге басқарма қызметкерлерінің үйлесімді жұмыстарының арқасында қол жеткізудеміз. 
– Мемлекет басшысы жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтерді алу рәсімін жеңілдету қажеттігі туралы жиі айтады. Осыны орындау мақсатында іске асырып жатқан жұмыстарыңыз туралы хабардар етсеңіз. 
– Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 64 мемлекеттік қызметкер бар. Басқарма 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлерге, заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсететін кедергісіз (барьерсіз) екі орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 17 қызметкер салық төлеушілерге ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы № 284 бұйрығымен бекітілген стандарттарға сәйкес қызметтің 16 түрін көрсетеді. Оның 14-і автоматтандырылған, 2-уі қағазтасығышта. Биылғы 1 тоқсан аралығында 82 052 қызмет көрсетілсе, оның 
75 643 электронды түрде немесе 92,2 пайыз, қағаз тасығышта 5 831 немесе 7,1 пайыз. 
Салық төлеушілердің санына қарай күніне орта есеппен үш жүзден аса адамға қызмет көрсетіледі. Олардың басым бөлігі жеке тұлғалар. Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 1-ші тоқсанға 12 622 салық төлеуші тіркеуде, оның 2934 заңды тұлға, 9688 жеке кәсіпкерлер. Ал жеке тұлғалар саны 177048. Қызмет алушыларға барлық жағдай жасалған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Брайль әріптерімен жазылған басқарманың жұмыс тәртібі көрсетілген тақтайша, пандус орнатылған. Салықтарын төлеу үшін «Қазпочта» АҚ, «Нұрбанк» АҚ филиалының кассалары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, автоматтандырылған терминалдар мен банкоматтар арқылы да төлемдерін жүзеге асыра алады. Бізге келген әрбір салық төлеушіге ерекше көңіл бөлінеді, оған қызмет көрсететін әрбір маман жауапты. Жалпы біз осыған мүдделіміз. 
– Заман талабына сай салық төлеушілерге қандай жағдайлар жасалды?
– Ел экономикасының дамуы мен халық-тың әл-ауқатын көтеруге өз дәрежесінде ықпал етіп, мемлекеттік қызметтің заманауи деңгейіне көтерілу үшін мемлекеттік кірістер органдары әлемдегі озық үлгідегі стандарттарға қарай бой түзейді. Алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалана отырып салықтық, кедендік әкімшілендірудің тиімділігі мен кәсіпкерге қолайлы жағдай жасаудың арасындағы ең ұтымды балансты ұстануды мақсат тұтады. Күнделікті жұмыс барысында пайда болатын қиындықтар мен тұтынушылар тарапынан туындап отыратын түрлі сұрақ біздің жүйеде жаңашылдықты талап ететін көптеген өзекті мәселелердің бар екенін көрсетуде. Жыл сайын біздің заңнамалық тұғырымыздың бірқатар жаңалық, өзгерістермен толығып отыратыны сондықтан. Осы орайда, бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрінің сапасын арттыру аса маңызды. Сол себепті, басқармада электрондық кезек жүйесі енгізілген, кіреберісте басқарманың маманы – модератор салық төлеушілердің сұрақтарына жауап беріп, электрондық кезектің талонымен қамтамасыз етіп, тиісті орынға салық төлеушіні жібереді және қызмет көрсету мерзімін қадағалайды. Электрондық қызмет көрсету жүйесі орталық аппараттың ахуалдық орталық жүйесіне қосылды. Қоғам цифрлы дәуірге еніп жатқандықтан салық төлеушілерге арналған салық есептілігін өткізу үшін терминал жұмыс атқарады. Мұнда 20 орын арнайы компьютерлік техникамен жабдықталды. Бір маман арнайы бекітілді. Орта есеппен салық есептілігін өткізу кезеңінде күніне отыз, қырық шақты адам терминал қызметін пайдаланып отыр. Комитет «электрондық үкімет» төлем шлюзімен бірге салықтық және кедендік төлемдерді төлеу туралы ақпаратты банктерге онлайн тәртібінде беру тетігін іске қосты. Бұл шара салық төлеушілердің төлеген төлемдері туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне беру мерзімін 2-3 жұмыс күнінен бастап бірнеше минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
– Биыл салық заңнамасына көп өзгеріс енгізілді. Соның негізгілеріне тоқталсаңыз?
– Дұрыс айтасыз. Өзгерістер мен толықтырулар өте көп. Бұл өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет желілері арқылы жарияланып тұрады. Салық төлеушілердің қатысуымен семинарлар мен «дөңгелек үстелдер» өткізіледі. Олардың негізгілері 2019–2020 жылдар аралығында қолданысқа енгізіледі.   
Биыл шағын  бизнес субъектілеріне арнаулы салық патент негізіндегі, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимдеріне қосымша режим – тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі  қосылды. Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимі мынадай талаптарға сәйкес келетін: 1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны: оңайлатылған декларация негізінде – 30 адамнан; тіркелген шегерімді пайдаланумен – 50 адамнан аспайтын; 2) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі кірісі: патент негiзiнде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 300 еселенген мөлшерінен; оңайлатылған декларация негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 2 044 еселенген мөлшерінен; тіркелген шегерімді пайдаланумен – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 260 еселенген мөлшерінен аспайтын; Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі. 
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді. Тағы айта кететін жаңалық, салық тексерулеріне сенім, ашықтық және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген тәсілдер енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, «көлденең бақылау» және салықтық әкімшілендіруді ақпараттандыру да салықтық тексерулердің төмендеуіне ықпал етті. Жаңа заңнама бойынша салық төлеушілердің адалдық қағидаты салық төлеушілердің пайдасына шешіледі. Айта кетсек, егер салық төлеуші салық органынан алдын ала алынған жазбаша жеке-дара түсіндірмесіне сәйкес орындаған салықтық міндеттеме кейіннен кері қайтарып алынса, қате деп танылса немесе жаңа, мағынасы жағынан өзге түсіндіру жіберілсе, онда айыппұлдар мен өсімпұл салық төлеушінің есебіне жазылмай, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде салықтық міндеттеме түзетілуге жатады. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде Қазақстан Републикасының салық заңнамасының барлық айқын емес тұстары мен реттелмеген мәселелері салық төлеушінің пайдасына түсіндіріледі.
– Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларға қатысты қандай шаралар қолданылуда?
– Қазіргі таңда негізгі мәселенің бірі болып отырған осы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғаларды, оның ішінде такси кызметі, жүк көлік қызметі, шаштараз, тағы басқалары, қызмет көрсету саласы бойынша және сауда-саттықпен айналысатын тұлғаларды мемлекеттік кірістер органдарына тіркеу есебіне қою.  Бүгінгі күні басқарма қызметкерлері жекелеген сұрақтар бойынша тақырыптық салық тексеруін жүргізуде. Аталған іс-шара қала аумағындағы  базарларда сауда-саттықпен айналысатын тұлғаларға қатысты жүзеге асырылуда. Жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметпен айналысу деректері орын алған жағдайда, оларға қатысты  Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 463- бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, оны мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберіледі. Сотпен айыппұл салынып, құқықбұзушылық құралы тәркілеуге жатқызылуы мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық құралына тауарлар жатады. Кәсіпкер ретінде тіркеу мемлекеттік кірістер органына келу арқылы немесе электронды үкіметтің веб-порталы арқылы электронды түрде берілген салық өтінішінің негізінде жасалады. Тіркеу мерзімі 1күн және тіркеу кезінде бюджетке төленетін алымдар жоқ, яғни тегін.
– Барлық азаматты жеке тұлғалардың мүлігі мен жер салығы қызықтырады. Алдағы жылы осы салықтар қалай төленеді? 
– Өткен жылдың қаңтар айында Салық кодексіне мүлік және жер салығын есептеу және төлеу бөлігінде өзгерістер енгізілді. Бұрындары мүлік және жер салығын ағымдағы жылда төлесе, былтырдан бері жеке тұлғалардың салық салу объектісіне салықты есептеу және төлеу бір жылға шегерілді. Демек, биыл салық салу объектілеріне ие жеке тұлғалар мүлік және жер салығын өткен жылға төлейді. 
– Қазіргі кезде елдегі өзекті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Басқармаңызда осы індетпен күресу іс-шаралары қалай жүзеге асырылуда?
– Басқарманың қалыпты қызметін қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары, атқарушылық тәртіпті күшейту және басқарма қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануына жол бермеу, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін бөлім басшылары мен тікелей орындаушылардың жауапкершілігін арттыруда тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің сақталуы қатаң бақылауға алынған. Басқармада ішкі қауіпсіздік басқармасының «Сенім телефоны» (24-62-21) орналастырылған. Әкімшілік ғимараттарда азаматтардың өтініштері мен арыздарына арналған жәшіктер бар. Баршаға көрінетіндей жерде ҚР Қаржы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілдерінің сенім телефондары, сондай-ақ хабарландыру және кеңес алу, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың электрондық өтініштерін қабылдау үшін Call-орталығы мен Департамент сайты туралы ақпарат орналастырылған. Барлық өтініш белгіленген мерзімде қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. 
Мемлекеттік қызметшілер жыл сайын өздерінің кірістері мен мүлкі туралы декларацияны міндетті түрде тапсырып отырады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды. Наурыз айында ҚР Қаржы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің қатысуымен ҚР Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру туралы дәріс өткізіліп, басқарма қызметкерлерін жеке сұрақтарымен қабылдады. Сондай-ақ, басқармада бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын ақпараттық мониторинг жүргізіледі. Басқарма ұжымында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарын, Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін, Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндіруде салық төлеушілердің қатысуымен тұрақты негізде құқықтық оқытулар мен «дөңгелек үстелдер» өткізіледі. 
Елбасы «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздiксiз, ашық әрi әдiлеттi түрде жүргiзiлуi тиiс. Бiз сонда ғана алға қойған биiк мақсаттарға қол жеткiзе аламыз» деп атап көрсеттi. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептерді түп-тамырымен жою үшін барлық шаралар қабылдануда.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл БАЙБОСЫНОВА