ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІ

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1632
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күрделі мәселесі  болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлық туралы арнайы   заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы      күрес мәселелері Елбасының жеке бақылауында. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары     мен құқықбұзушылықтар, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет  жасауына кедергі келтіреді. Ал іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі  әртүрлі процестердің реттеушісі. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен  күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты мақсаты –  жемқорлық көріністерін жою болып табылады. Сол себепті,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізудің басты міндеттері,  ол қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру,  сы-         байлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын  жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерін  анықтау және олардың салдарларын жою,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара  іс-қимылын нығайту,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту,  сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау  және оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешуге бағытталған.
Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлері, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға   не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеулерi тиiс.
Аталған Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары тұжырымдалған, олардың ең бастысы Қазақстан Республикасы Конституциясы  39-бабының                  1-тармағына сәйкес мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілдік берілген лауазымды адамдардың, сондай-ақ, оларға теңестірілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеушілік болып танылады. Заңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлықпен құқықбұзушылықпен және ол үшін жауаптылық шаралары арнаулы тарауда тұжырымдалған. Сыбайлас жемқорлықпен құқықбұзушылық үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу,   пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған   сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражға салу,  алаяқтық әрекеттер, қаржылық пирамидалар құру, заңсыз ойын бизнесін құру, кәсіпкерлік қызметке заңсыз пайдалану сияқты қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыстар және  осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтармен айналысуының негізгі себептері мыналар болып табылады:
–  мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы;
– құқықбұзушылыққа немқұрайды қарайтын, қызметтік тәртібі төмен кейбір мемлекеттік органдар;
–  кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жекебасының қамын ойлап кетуі;
–  кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңының  талаптарын орындауда немқұрайлылық танытып,  мардымсыз  жұмыс атқарулары. 
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы  құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің   саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кеселін   келтіріп отырған осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр.
Сол себепті сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын болдырмай,  құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір  құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің   нақты жолдарын толық білулері қажет.
 Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

А. КАЧКАРОВА,
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі,  индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі