Контейнерден табылған көлік

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1350
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тексеру барысында кедендік тексеру техникалық құралдарының атқаратын қызметі өте зор. Осы орайда, инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеден қызметкерлерінің біліктілігі мен өз қызметіне деген адалдығына да көп нәрсе байланысты екені анық. 

Жуырда «Алтынкөл» кеден бекетінің «Алтынкөл» теміржол өткізу пунктінің бас маманы О. Кеңесбаевтың қырағылығының нәтижесінде Оңтүстік Кореядан Қырғыз Республикасына транзитпен кетіп бара жатқан контейнер тоқтатылды. Себебі, инспекциялық кешенді тексеру сканері арқылы контейнер ішінде кедендік құжаттарда (инвойс) мәлімделмеген  заттар барлығы күдік тудырды. Содан кейін «Жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің уақытша сақтау қоймасында жүргізілген тиянақты кедендік тексеру нәтижесінде контейнер ішінен бұрын пайдалануда болған автокөліктің қосалқы бөлшектері мен 2014 жылы шығарылған «БМВ – 5281» маркалы жеңіл автокөлік табылды. Тауар жөнелтушілердің әккілігі сонша, аталмыш автокөлікті сканерден жасыру мақсатында қосалқы бөлшектердің ішіне фольга қағазымен мықтап орап тастаған екен. Соған қарамастан әккілік әрекет қырағы кеденшінің назарынан тыс қалмады.
Қазіргі уақытта ұсталған автокөліктің кедендік құнын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Егер кедендік құнның мөлшері 5000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  234-бабының 1-тармағы  (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалады.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл» кеден бекетінің баспасөз қызметі