ЖАЛҒЫЗЫН ЖАЛМАҒАН АНА (детектив)

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1502
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Төргі бөлмеде кесте тігіп отырған бейкүнә ананың жүрегі сыртқы есік ашылып жабылған сәтте зырқ ете қалды. Ішке ентелей келе жатқан аяқтың дыбысы үрейін одан сайын өршіте түсті. Бір сызықтың бойын айқыш-ұйқыш етіп жүріп келе жатқан ұлын көргенде тарсылдап тұрған ана жүректің соғысы жылдамдатып, жұдырықтай еттің қағысы кеуде тұсынан шығып кетердей сыртқа дейін естілді...

Мұқым ауылдың қызба, ащы суға құмар азаматтары осы үйге жиі келетін. Сәулештің үйі – ішетіндер үшін «темірқазық» іспеттес еді. Тоқсаныншы жылдар тоқырау болғанда шағын кәсіп ашып, онысын жап-жақсы-ақ дөңгелеткен. Ат төбеліндей ғана ауыл ішінде саудамен айналысты. Ауылдың қақ ортасындағы дүкенінде киім-кешек, одан қосымша арақ-шарап, шылым да сатты. Аула ішінде қызыл тілі салақтап, жүні үрпиген ала итті де үргізіп түннің жарымында келіп үйден арақ алып кететіндер көп. Сауда сәтімен жүріп жатты. Бірақ...

*****

Әкесіз бала анасы дүкенге кеткенде үйдің қуыс-қуысын ақтарып, өзім би, өзім қожа дегендей еркіндікке басатын. Бұл кішкентайынан қалыптасқан. Бүлдіршін шақта мазлұм болған ұл – өсе келе мансұқ болды. Кәуедей кеуіп, уақыты жеткенде тарс жарылды. Ел алдында алып-сатуға келгенде бір мүдірмейтін Сәулеш, жалғыз ұлына келгенде есептен жаңылды. Баласының теріс жолға түскенін естіген жұрт «Ида уақытында да арақ сатып еді», «Арамды сатты, арамға ұрынды» десті. Сәулеш те ұлының бұрыс бағытқа кетіп бара жатқанын байқай бастады. «Малаған

осымен кетсін» деп құрбан да шалды, әулие-әмбиелердің басына баласын жетектеп те апарған. Нәтиже жоқ!

Ұлы Жарас мектептен шығып қалуға шақ қалып жүрді. Сәулешті де мектепке ұстаздар жеке жиналысқа жиі шақыратынды шығарды. Жарас 16 жасқа толғанда ауыздығын шайнап жұлып, шылбырды жұлқып үзіп кететін асаудай ешкімге ырық бермеді. Дәл осы жаста қаладан келген үнемі көзінің іші қанталап, сырты көгеріп тұратын Диасқа еріп, есірткіге әуес болды. Диас қатарласы болса бір сәрі, өзінен жиырма бес жас үлкен. Қаладан келген қонақ кеткеннен кейін Жарас қатты қиналды. Сәулеш қаладағы ауруханаларға қаратты, емдетті. Есірткінің уыты қайтқанымен, шылым буынан алыстатып, шарап шырмауынан шығара алмады.

Шайтан суды сатуды доғарған анасынан бозбала Жарас басқа жақтан сатып алу үшін ашықтан-ашық араққа ақша сұрайтынды шығарды. Әдет болды. Тамыр ішіндегі қанға араласқан шарап суын оңайлықпен қойып кете алмады. Ілініп-салынып жүріп мектепті тәмамдаған Жарасты аяқтандырсам ғана жолы болып кетер деген ойы да жүзеге аспады. Бірнеше мәрте талпынып та көрді, түк нәтиже шығара алмады. Кепедей өскен Жарас анасы ақша бермесе ұрып-соғатынды шығарды. Беріп құтылады, болмаса бет-аузы көк-ала қойдай болып, өлімші халге дейін таяқ жейді. Сау күні жоқ Жарастың ісі Сәулештің тағатын көнектей ісітіп, шыдамын түгесті, төзімін таусты. Ой келді. Қаладан арнайы адам жалдап тапсырыспен ұлын өлтірмекке бекінді. Солай істеді де. Үлкен шаһардан Арман есімді ескі танысын жолықтырып, ұлының қатігезденіп бара жатқанын, арақсау болып күн-түні жатып ішерге айналғанын тізіп шыққан. Сәулештің өкпе-назын түсінген Арман келіскен. Ақысы да жоқ емес еді.

Арман ауылға жалғыз келмеді. Қасында жолдасы Самат бар. Көше бойлап, жүргіншілер жолынан бір шығып, бір кіріп қисалаңдап келе жатқан Жарасты «үйіңе жеткізіп

тастаймыз» деп көліктеріне салып алып, ауыл шетіне алып шықты. Есін білмейтін Жарасты машинадан түсіріп, Арман шүйдесіне мұш жұмсап, екпетінен құлатты. Самат болса мелдектен жіпті екі қабаттап тартып, қылқындырып өлтірді. Іс бітті. Әмиянын, қалтафонын алып, киллер азаматтар Сәулешке апарып берді. Жауыз ана Арманға келіскеніндей бір миллион бес жүз мың теңгені қолына санап берді.

Шағын ауыл шулап кетті. Сақшылар тарапынан іс қозғалды. Жарастың мүрдесі дәрігерлік сараптамаға жөнелтілді. Ақ халаттылар анықтағандай, сараптаманың 390 қорытындысы бойынша – механикалық асфиксия. Кінәлілер табылды, оларға арнайы жаза тағайындалды. Тапсырыс берген анасын 14 жылға, ал адам өлтірген екеудің әрқайсысы 16 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Мерекеде берекені қашыратын да, адамды пенделіктен айырып, хайуан деңгейіне дейін түсіретін де – арақ. Білектей ғана шағын шөлмекті шайтанның суы деп текке айтпаса керек-ті. Егерде Сәулеш арақ сатып күн көрмей, бала тәрбиесіне мән бергенінде жағдай басқа арнаға түсер ме еді. Кім білсін?

Тас қараңғыдан саңлау салып түскен сәулеге бетін тосып ұзақ отырды Сәулеш...

Серік ҚАНТАЙ