Тапатал түстегі тонау

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1305
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өз ісін жүргіземін деген адамның адал да әділетті жұмыс істеуі үшін ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы Заңы қабылданған. Осы Заң аясында кәсіпкерлер түрлі тендерлерге қатысып, әртүрлі салалардың шаруашылық, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық жұмыстарын жүргізуге атсалысады. Алайда тендер арқылы ұтып алған қаржысын мақсатсыз жұмсап, өзі қамтамасыз етуді мойнына алған саланың жұмысын тұралататындар шығып жатыр. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырысын аяқсыз қалдырып, сапасыз бензинді жеткіліксіз құйып беретін бекеттер шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барлық саланың әділ жұмыс істеуін қадағалау қолға алынған тұста ел естімеген масқаралық пайда болды. Халқымыздың: «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты», – деген мақалы тап осындайда айтылады-ау.

Бүгінгі күні әрбір өңірдің атын шығарып, абыройын асқақтататын футбол клубтары бар. Айма- ғында жеті өзеннің аңғары жатқан Алматы облысының намысын республикалық додаларда «Жетісу» футбол клубы қорғап жүр. Сөйткен клуб ойыншыларын түрлі жарыстарға тасымалдайтын автобустар мен автокөліктерді бен-    зинмен, дизельді жанармаймен қамтамасыз ететін «Наройл» жанар-жағармай құю бекеті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемені әбігерге салып келіпті. Толығырақ айта кетсек, «Жетісу» командасының кәсіпқой футбол клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 2015 жылдан бері Алматы қаласы, Қазан көшесі, №33 үйде орналасқан әлдебір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен зардап шеккен. Үш жыл ішінде мемлекеттік сатып алу тәсілі бойынша АИ-92 бензині мен дизельді отынмен қамтамасыз етуді ұтып алған серіктестік футбол клубына сапасыз бензин құюмен қатар талон арқылы құйылатын дизельді отынды толық бермей мемлекет қаржысын жымқырған. Осыған байланысты бірнеше рет сотқа шағымданған «Жетісу» футбол клубының заңгері тендерге қатысарда атауын өзгертіп шыға келетін мемлекеттік тапсырысты орындаушы көптеген қитұрқылықтарға барып отыр дейді.
– Біздің түсірген шағымымызға байланысты Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2015 жылы «Петро Трейд Групп» ЖШС-ін, 2016 жылы «Умаров» жеке кәсіпкерлігін, 2017 жылы «KZ Нефтепродукт» ЖШС-ін, биыл «ALIANI HEAVYCOM KAZAKSTAN» ЖШС-ін ретсіз өнім беруші деп таныған еді. Яғни, өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамайтын сенімсіз серіктестік деп есептеп, үкім шығарған болатын. Алайда соған қарамастан жыл сайын тендер ұтып шығады. Олардың бәрі де бір мекенжайға, Алматы қаласы, Қазан көшесі, №33 үйге тіркелгені, тіпті, басқа мекенжай ауыстырғанның өзінде қызметтік телефоны ортақ екендігі анықталып отыр. Бірақ жыл сайын атауы мен директорларын ауыстыра отырып, сот жүйесін алдап өтетін серіктестік тендерден құр қалмай келеді, – дейді орын алған келеңсіздікке қатысты түсініктеме берген «Жетісу» футбол клубының заңгері Нұрболат Құдайбергенұлы. – Осы серіктестіктердің бәрі де біздің автокөліктерге бензин, дизельді  Талдықорған қаласынан шыға берісте орналасқан «Наройл» жанар-жағармай құю бекетінен құйдырып келеді. Бұл бір шетінен уақытымыз бен кететін шығынымызды арттыра түседі. Осыған байланысты облыстық қаржылық бақылау инспекциясына, тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасына, қалалық прокуратураға шағым түсіріп, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық кеңесінде мәселе етіп көтергенімізбен еш нәтиже болмай отыр. Ақыры болмаған соң өзіміз мұнай өнімдерін сынайтын тәуелсіз «ORGANIC» орталығын жалдап, бензин сапасын анықтаттық. Біздің тапсырысымызбен келген мамандар «Наройл» жанар-жағармай құю бекеті АИ-92 маркалы бензиннің орнына АИ-86 бензин сатып келгенін анықтап, жанармайдың көрсеткіштері сай келмейтінін тапты. Соған орай Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Қасымбаева биылғы сәуірдің 12 күні өткен сот отырысында «ALIANI HEAVYCOM KAZAKSTAN» ЖШС-ін жосықсыз өнім беруші деп тануға шешім шығарып, біздің клубтың шығыны ретінде 4 310 литр жанар-жағармай талонын қайтаруға және экспертизаға жұмсалған 120 000 мың теңгені өндіріп беруді тапсырды. Осыдан кейін бәрі болған шығар десек, «Res Prospere» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағы да сол «Наройл» жанар-жағармай құю бекетіне баруымызды мәжбүрлеп отыр.
Футбол клубы заңгерінің айтуымен спортшыларды Алматы, Астана қалалары мен облыс орталықтарында өтетін жарыстарға апаратын үлкен автобусқа жанар-жағармай құю кезіндегі заңсыздықты көруге бардық. Ескелді ауданына шығатын күрежолдың бойында орналасқан «Наройл» жанар-жағармай құю бекетін бетке алған автобус жүргізушісі алдымен 300 литр дизельді отын құятынын айтып, әрқайсысы 50 литрге арналған талондарды көрсетті. Басында дәл солай боларына сеніңкіремей тұрғанымызды қайтейік, көз алдымызда 28 литрі кем құйылған жанармайды көргенде айтарға сөз таба алмай қиналдық. Ақыры жанар-жағармай құю бекетінің қызметкерінен: «Бұны қандай негізге сүйеніп жасадыңыз?», – деп сұрадық. Аты-жөнін айтуды артық көрген әйел адам: «Барлық сұрақтарыңызды талонның артында көрсетілген телефонға қойыңыздар. Мен солардың тапсырмасын орындаймын», – деп қысқа қайырды. Көкіректе: «Сонда мемлекеттік мекемелерді тапа тал түсте тонаған серіктестіктің көздегені не? Еліміздегі қызмет көрсету сапасының деңгейі осындай ма?» – деген сұрақтар қалды жауапсыз.
Қалай болғанда да бұл мемлекет, қоғам болып назар аударатын мәселе. Өйткені, бағаның өскенін алға тартып, ұсынылатын қызметтің құнын аспандатып жіберушілер өте көп. Олардан әділдік, адалдық, шынайылық үстемдік құрғанда ғана құтыламыз, арыламыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайталап айтып жүргені де осы.

Мәди АЛЖАНБАЙ