Ешбір арыз аяқсыз қалмайды

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 2520
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

 

Тікелей желі

Облыстық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Жәлелұлы Ұрұмхановтың шұғыл шаруамен іссапарға кетуіне байланысты редакциямызға орынбасары, полиция полковнигі Бейбіт Дүйсенбайұлы Келгенбаев келіп, тікелей байланыс арқылы көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Мұндай сауалдардың қатарында мал ұрлығы, жер дауы, айыппұл шарттары, қарақшылық секілді күн тәртібінен түспейтін тақырыптар бар. Көкейкесті мәселелерге жауап төмендегідей болды.

 

Сұрақ:

         – Жасым 75-те. Былтыр жыл соңында, қараша айында қорадан бір сиыр, бір бұқамды ұрылар әкетті. Соны айтып, жергілікті полиция бөлімшесіне шағымданғанмын, арада алты ай өтті ешқандай хабар жоқ. Соның жайын қайда айтамын, кімнен көмек сұраймын? Жергілікті полиция қызметкерлері: «Іздеп жатырмыз!» – дейді. Олардың іздегенін, іздемегенін біле алмадық, бірақ ренішіміз қалың болып тұр. Себебі, жалғыз менің ғана емес, көршілерімнің де малы қолды болды, ауылымыздағы жылқышының да жылқысы ұрланды. Соған қарап: «Ұрылар бізді басынған ба?» деп ойлаймыз.

         Нұрғаным Қыдырманова, зейнеткер,

Ақсу ауданы.

         Жауап:

         – Телефон соғып, хабарласқаныңызға рахмет! Сіздің шағымыңызға қатысты істі алдырып көрейік, жасалған ұрлық бойынша жұмыстардың қалай жүргенін анықтайық. Соның бәрін білгеннен кейін байланыс телефоныңызға хабарласып немесе жазбаша түрде ресми жауап береміз. Сіздердің істеріңіз бақылауға алынып, жағдай тексеріледі.

Сұрақ:

         – Менің сұрайын дегенім айыппұлдар мәселесі еді. 2014 жылы көшелерге бейнебақылау камералары қойылғанда бұрын ондай қадағалауды көрмеген жүргізушілердің жаппай көзге түскені белгілі. Кейіннен ел ішінде: «Бірқатар айыппұлдар кешіріледі» деген сөздің таралғаны тағы рас. Сол жағдай қалай болып жатыр? Менің қолымдағы 3-4 айыппұл хаттамасында әртүрлі төлем көрсетілген. Олар 18 мың 520 теңге, 9 мың 910 теңге, 9 мың 260 теңге болып кете береді. Жылдары да әртүрлі. Біреуі 2015 жылы болса, екеуі 2014 жылғы.

Гүлжан Мұқашқызы,

Талдықорған қаласы.

         Жауап:

         – Ең алдымен, орын алған әрбір құқықбұзушылық бөлек қаралуы керек. Қандай жағдайда, қай кезде, қашан орын алды, қанша уақыт өтті деген секілді мәселелерді анықтау үшін облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Марат Күштібаевтің атына өтініш-арыз жазыңыз. Оған сізге келген хаттаманың көшірмесін тіркеп, апарып бересіз. Сол арқылы сізге айыппұлдардың әрқайсысына бөлек-бөлек түсініктеме беріледі. Яғни, кешірімге жататыны да, жатпайтыны да анықталып көрсетіледі.

         – Тағы бір сұрағым бар еді. Осыдан біраз жыл бұрын менің атыма тіркелген «ДЭУ» маркалы автокөлікті сатқан болатынбыз. Онда да үш жылдық мерзімге сенімхатпен бергенбіз. Жақында тексертсем сол әлі күнге менің атымда тұр екен. Яғни, сатып алған адам өз атына аудармапты. Сол маған зиян болмай ма? Оның иесін қайдан табамын?

         – Әрине, көлік сіздің атыңызға жазылғандықтан оны айдап жүрген адам қандай да бір әкімшілік заңбұзушылық жасаған жағдайда айыппұлдар сіздің атыңызға келеді. Ол үшін сатып алушы көлікті өз атына аударғаны жөн. Сондықтан тағы да жергілікті полиция қызметінің басшысының атына жағдайды түсіндіріп, арыз жазыңыз. Онда көліктің қашан сатылғаны, кімге сатылғаны анық жазылсын. Егер сіз мемлекеттік қызметкер болсаңыз, декларация тапсырасыз. Ондайда меншігіндегі мүлкін жасырған болып шығасыз. Яғни, мәселені өз қолыңызбен қиындата түсесіз. Сондықтан алдын ала арызыңызды жазып, есепке тіркетіп қойыңыз. Айыппұлдар келе қалған жағдайда жергілікті полиция қызметінің мамандары кімнің кім екенін оңай анықтайды. Ал автокөлік анықтала қалған жағдайда сіздің арызыңыз арқылы қазіргі иесіне өз атына аудару қатаң тапсырылады.

        Сұрақ:

         – Менің атымдағы 3 гектар 36 сотық жерді «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Қарасай аудандық өкілдігінің жетекшісі Исағұловқа 2009 жылы жалға өткізген болатынмын. Содан бері 15 жыл өте шығыпты. Алған өнімін, түскен түсімін көрген жоқпын, өздері ештеңе берген емес. Жер салығын өздері төлеп жүр ғой десем, менің атыма айыппұл келіп, зейнетақымнан ұстады. Яғни, салығын 15 жыл бойы өзім төлеп келе жатырмын. Келісілген 15 пайыздық түсімді көрсеткен емес. Өз есебімше, маған берешегі шамамен 500 мың теңгеге жетті. Жыл сайын бидай мен арпа себеді. Түсімі жоқ емес. Осыған дейін ешқайда шағымданбаған едім. Анда-санда барып, өзінен сұрайтынмын. Ондайда: «Анадай болды, былай етемін» деген сырғытпа сөзбен шығарып салады. Ақыры құр босқа бара беруді тоқтаттым. Сіздің тікелей желі арқылы тілдесетініңізді оқып хабарласып отырмын. Осыған қандай ақыл қосасыз?

Нұрбосын Мәтебаев, зейнеткер,

Қарасай ауданы.

Жауап:

– Қаскелеңдегі Қарасай аудандық Ішкі істер бөліміне барып, жазбаша түрде арызданыңыз. Ондағылар сіздің арызыңызды қарау қай құқықтық органға тиесілі екендігін анықтап, яғни сот, прокуратура қарай ма немесе жер қатынастары бөлімі жауапты ма, соны тауып, құзырлы органдарға жолдайды. Одан соң сізге қай органның қарап, қандай шешім қабылдап жатқаны туралы жазбаша түрде хабарлама беріледі. Егер арызыма жауап болмайды десеңіз облыстық ішкі істер департаментіне арыз жазыңыз. Соған байланысты тексеру, тергеу шаралары жүргізіледі. Талдықорғанға келе алмайтын жағдайда біздің өкіліміз сізге барып, арызыңызды қабылдап алады.

Сұрақ:

– Біз тұратын Жаңалық ауылы республикалық маңызы бар Алматы – Жетіген күрежолының бойында орналасқан. Тұрғындар санының артуына байланысты ауылымыз екіге бөлініп, шығыс, батыс деген аумақтарға ұлғайды. Автокөлік ағылған күрежолдан ары-бері өту қиындап тұр. Соның кесірінен талай адам зардап шекті. Ауыл аумағындағы жолдың ұзындығы 2,5 шақырымға тең. Осыдан екі жыл бұрын сіздермен «Жетісу» газетінің тікелей желісі арқылы хабарласып, «жол бойына екі жерден бағдаршам орнатылса» деген өтініш айтып едім. Соған сай 2014 жылы бір бағдаршам орнатылды. Оған көптен көп рахмет! Енді тағы бір бағдаршам орнатылса деген өтінішіміз бар. Осы мәселені өз қадағалауыңызға алсаңыз.

Тұрсынғали Саудабаев,

Талғар ауданының Құрметті азаматы,

Қайнар ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы.

Жауап:

– Халықтың атынан хабарласып, көпшіліктің өтінішін жеткізгеніңізге үлкен рахмет айтамыз. Дегенмен, осы өтініштеріңізді жазбаша үлгіде хатпен жолдаңыздар. Сонда ғана көмектесе аламыз. Себебі, жол белгілерін, бағдаршамдарды қою облыстық ішкі істер департаментінің құзыретіне кірмейді. Оны тек біздің ұсыныспен не халықтың сұрауымен жүзеге асыруға болады. Сіздердің өтініштеріңіз бойынша сол жерді тексеріп, құзырлы органдардың қарауына ұсына аламыз. Сол арқылы керекті құрылғылар орнатылады. Сондықтан жергілікті халықтың атынан облыстық ІІД бастығының атына, Талдықорған қаласы, Жансүгіров көшесі, 91/95 мекенжайына өтініш жіберіңіз.

Сұрақ:

– Екі көзім бірдей көрмейтіндіктен мүгедек ретінде тіркелгенмін. Екі балам бар. Былтыр босанғалы отырғанымда жолдасым тастап кетті. Қайда кеткенін білмейміз. Тіршіліктің тауқыметін айтып, Үшарал қаласындағы полиция бөліміне барғанмын. Олар: «Өзіміз үйіңе барып көреміз. Қазір уақытымыз жоқ» – деп шығарып салды. Өзім іздеп Қытайға барып қайтайын десем, оның да реті келмей тұр. Сотқа: «Ажырасамын!» – деп барғанымда соттағылар: «Күйеуіңді ертіп келмесең ажыраса алмайсың» – деді. Соған құжат жасата алмай отырған жайым бар. Өйткені құжатсыз балаға тиесілі жәрдемақыны ала алмайды екенмін. Күйеуімнен алимент болса да өндіргім келеді.

Әсемгүл Абайханқызы,

Үшарал қаласы,

Алакөл ауданы.

Жауап:

– Ең алдымен жәрдемақы төлету немесе алимент өндірудің полиция құзыретіне жатпайтынын түсінгеніңіз жөн. Мұндай шараларды қарастыру, көмек көрсету секілді жұмыстарды жергілікті әкімдік атқарады. Егер күйеуіңіз жоғалып кетсе, онда сіздің арызыңыз бойынша іздестіріп, табуды полиция өз қолына алады. Сондықтан сіз басыңыздағы жағдайды айтып жергілікті әкімдікке баруыңыз керек. Жергілікті басшылық сізге заң бойынша берілетін көмектерді алудың жолын көрсетіп, жеңілдіктермен таныстырады. Сол арқылы әлеуметтік көмек ала аласыз. Сөзіңізге қарағанда, күйеуіңіз өзі тастап кеткен, жоғалмаған. Яғни, жоғалды деген санатқа жатпайтындықтан іздестірілмейді. Жазбаша өтінішіңізге жергілікті әкімдіктен ешқандай шара қарастырылмаса, онда басқа органдарға шағымдана аласыз.

Сұрақ:

– Менің екі сұрағым бар еді. Оның біріншісі мал ұрлығына қатысты. Ақсу ауданы, Қызылту ауылына қарасты Күйгентам қыстауында бағылатын ағамның 20 сиырын былтыр қыркүйек айында ұрылар әкетті. Содан бері еш хабар жоқ, не мал табылмады, не қылмыскерлер ұсталмады. Меніңше, полиция қызметкерлері арыз түссе де қылмысты ашуға онша құлшыныс танытпаған секілді. Соның жайын білсем деп едім.

Мәулен Даниярұлы,

Талдықорған қаласы.

Жауап:

– Оның жайын қайтара арыз түсіргенде ғана біле аласыз. Ресми тұрғыда түскен шағымға жергілікті полиция қызметкерлерінің қандай жұмыстар жүргізгенін, қозғалған істің ашылған, ашылмағанын анықтап, өзіңізге жазбаша түрде жауап береміз. Ол үшін алдымен малдың неге табылмай жатқанының, қылмыстық істің неліктен ашылмағанының себептерін анықтау керек.

– Екінші сұрағым қаланың №1 әскери қалашығындағы қылмыстық ахуалға қатысты. Мен тұратын ықшамауданда автокөлік тонау толастамай тұр. Одан бөлек, көлік ұрлау оқиғасы да баршылық. Мысалы, жақында жездемнің көлігін ұрлап кетті. Бірақ қылмыскерлер әлі табылған жоқ. Жылына 3-4 рет қылмыс жасалады. Екі-үш ай тынышталып қалады да қайта басталады. Осымен бір аулада көлігі тоналған 3-4 тұрғын зардап шекті. Алайда ұсталған қылмыскер жоқ.

– Тағы да сіздің арызыңыз керек. Болған жағдайды тұрғындардың атынан не өз атыңыздан қағазға түсіріп, облыстық ішкі істер департаментіне жеткізіңіз. Әрбір қылмысты жеке-жеке сипаттаңыз. Соған сай бөлек-бөлек тексеру жүргіземіз. Неліктен қылмыстардың ашылмай жатқанын департамент тарапынан тексеріп, баға береміз.

Сұрақ:

– Біз мұнда 2-3 адам бас қосып, сіздерге шешілмей жүрген мәселемізді айтпақшы едік. Бәріміз де оралманбыз. Сауалымыз Қытайдың тракторы мен мотоциклі тұрғысында. Қазір осы екі техниканы тәртіп сақшылары көшеде жүргізбеуге айналды, соның себебін арнайы органдардан сұрасақ: «Растаможка алып келіңіз!» – деп шығарып салады. Біздің көшіп келгенімізге 12 жылдың көлемі болды. Кейінгілерге 3-4 жыл. Шекарадан өтерде кеденшілер ештеңе сұрамаған болатын. Себебі, жеке дүние-мүлік ретінде өткізіп, растайтын қағаз ғана берген. Бір сорақысы, кейбір адамдарға оны да ұстатпаған. Қысқасы, Қазақстанға өткеніне 10 жылдан асып кеткен техникаға кедендік растама алуға бізде мүмкіндік жоқ, кедендегілер де бермейді. Қазіргі таңда бір үйлі жан сол трактор мен мотоцикл арқылы жан бағып отырмыз. Қажетті құжаттарын алудың тәртібін түсіндіріп беретін адам жоқ. Ә дегенде тарпа бас салып, 16 мың теңге, екінші рет 20 мың теңге, үшінші жолы 30 мың теңге айыппұл салады. Ақырында техниканы тартқандай қылып әкетеді. Сонда біз қалай күн көреміз? Осыған дейін ешкімге шағымданбап едік, мотоцикл, тракторымызбен елдің бақшасын жыртып, қоқсығын шығарып жан баққанбыз. Өткенде 30-40 адам болып әкімге кірдік. Ол қолынан келмейтінін айтады. Осының жөн-жобасын түсіндіріп берсеңіз.

Дәулет Баған,

Қойтас ауылы,

Сарқан ауданы.

Жауап:

– Бұрын, кеңестік кезеңде мотоцикл көліктерінің құжаттары болатын. Оны жақсы білесіздер. Атажұртына асыққан ағайындар шекарадан асып, елімізге көшіп келгенде, кеденнен қолдағы техникасына құжат талап етілмеген. Қазіргі заңға сәйкес кез келген көліктің құжаты болу шарт. Бұл заңның талабы. Сондықтан сіздер облыстық Әкімшілік полиция басқармасына бар жағдайды айтып, арызданыңыздар. Егер келуге алыс десеңіздер, интернет желісі арқылы қолдарыңыздағы техниканың мінездемесін хатқа түсіріп, жолдаңыздар. Сіздердің арыз-шағымдарыңыз Әкімшілік полиция басқармасына ресми түрде тіркелсе, сіздерге жазбаша жауап беріледі. Сол арқылы өздеріңіз тұратын аудандық тіркеу бөлімінен көліктеріңізді заңдастыруға мүмкіндік тууы ықтимал. Яғни, қолда бар құжаттарыңыздың көшірмесін әкеліңіздер. Жеке мүлік ретінде берілген кедендік қаттаманы да ұмытпаңыздар. Ешқандай құжат берілмесе соны арызыңызда ашып айтып, түсіндіріңіздер.

Сұрақ:

– Мен Ақсу аудандық ішкі істер бөліміне 2013 жылы, 2015 жылы жалған құжат жасаған адам туралы екі рет арызданған болатынмын. Соның жауабын осы күнге дейін ала алмай келемін. Соның жауабын қалай алсам болады?

Нұрлан Оразбеков,

Жансүгіров кенті,

Ақсу ауданы.

Жауап:

– Сіздің телефон нөміріңізді жазып алдық. Енді сіздің атыңыздан жазылған арызды тексереміз. Арызыңыз бойынша қандай шаралардың орындалғанын анықтап, сізге жауабын жазбаша түрде береміз.

Сұрақ:

– Былтыр ауылымыздан бірнеше мал жоғалған еді. Оның басым бөлігін ұрылар қорадан әкетті. Мысалы, байлап бағып, қадағалап отырған үлкен сиырымды қалай әкеткенін білмейміз. Менікімен қоса көршімдікі де ұрланды. Одан бөлек Ақсу ауданынан өрістегі жылқы да жоғалды. Жоғалған жылқыдан да, сиырдан да дерек жоқ. Даладағыны жарайды қараусыз жүр делік, қорадан ұрланған малдың іздеушісі болмай тұр. Аудандық ішкі істер бөліміне жазылған арыздан еш нәтиже шықпағаны күйіндіреді. Полиция қызметкерлері келіп, көріп, қорадан қалай әкеткендігін қағазға түсірген. Соның сыры ашылмады. Соған көмектесеңіздер екен.

Дарубай Мұсағали,

Жансүгіров кенті,

Ақсу ауданы.

Жауап:

– Сіздің мекенжайыңыз бен хабарласқан телефоныңызды жазып алдық, жоғалған мал туралы арыз тіркеліпті. Тіркелген арыз бойынша ішкі істер қызметкерлері қандай деңгейде жұмыс істеді, не істеп жатыр, сол бағытта тексеру жүргізейік. Кейін сізге жазбаша жауап береміз.

Сұрақ:

– Менің қояйын деген сауалым жол қауіпсіздігіне қатысты. Облыстық, республикалық деңгейдегі жолдарда үшаяқты бейнекамералар қойылуда. Сіздер де бейнебақылау камераларын көбейту керектігін айтқансыздар. Сол бағыт бойынша қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Айнұр Бекмолдина,

Шәйқорған саяжайы,

Талдықорған қаласы.

Жауап:

– Сіз айтып отырған үшаяқты камера – КрисПИ-дің жалпы облыста 15 данасы бар, оның бесеуі Талдықорғанда. Соның көбі Алматы – Өскемен, Талдықорған – Қарабұлақ автожолына тұрақты қойылады. Бұл, ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Соған орай болашақта бейнебақылау камералары көптеп орнатылады. Оның саны, ең алдымен, бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты. Облыс орталығының көшелері бейнекамералармен толық қамтамасыз етілген. Қазір қалада 86 камера жұмыс істеп тұрса, келешекте оның саны екі есеге көбеймек. Оның нәтижесін уақыт көрсетер, дегенмен соңғы кездері жол ережесін бұзушыларды анықтау жұмысының жеделдетілгені жасырын емес. Одан бөлек, жүргізушілер қауымы бейнекамераға түсіп қаламыз деп, жол ережесін сақтап жүруге айналды. Соның арқасында құқықбұзушылық та азайды, себебі, айыппұл көлемі үлкен.

Сұрақ:

– Былтыр сәуір айының 1-і күні ақша айырбастау пунктінің жұмысын жүргізіп, үйге оралған немере қызымды ұрып, ірі сомадағы ақшасын тонап кетті. Алайда қылмыскер табылмай отыр. Көшелерде бейнебақылау камералары баршылық. Шындап іздеген жан бір дерегін табары анық. Оның үстіне қылмыс орын алған кезде қасында болған Абылай Иманбақов есімді кассирі ешқандай әрекет жасамайды. Сол күні қалалық ішкі істер басқармасының мамандары келіп оқиғаға қатысты хаттама жасады, біз арыз бердік. Алайда қылмыскерді іздестіру, қылмысты ашу саябырси берді. Тамыздың 10-ы күні, қалалық ішкі істер басқармасына істің мән-жайын білу үшін бардым. Ондағылар тексеру, іздестіру жүріп жатыр, жөнсіз мазалай бермеңіздер, өзіміз хабарласамыз деді. Кейіннен дәл сол ақша айырбастау пунктінің кассирін тағы тонады. Сондағы қылмыскерлер көп ұзамай ұсталып, соттың шешімімен жаза кесілді. Бір қызығы, ондағы ақша аса үлкен емес еді. Соған қарап: «Қылмыскерлер із жасыру үшін осындай қадамға барған жоқ па?» – деген ой мазалай береді. Осыған қандай көмек бересіз? Себебі, қолды болған қомақты ақшаны несиеге алған едік, бүгінгі күні несиені уақытымен төлеуге мәжбүрміз.

Сапура Мұқашева,

Талдықорған қаласы.

Жауап:

– Сіздің немере қызыңызды тонаған қылмыскерге қатысты қылмыстық істі алдырып, тексеру жасайық. Сосын сізге жазбаша түрде жауап береміз. Егер қылмыстық істің ашылмауына мүдделі болған тәртіп сақшылары болса анықтап, шара көреміз.

Түйін: Облыстағы қауіпсіздікке, құқықбұзушылыққа, қылмысқа қатысты мәліметтер мен деректерге жауапты орган басшылығына сұрақ қоюшылар көп болды. Қойылған сауал мен берілген жауап жоғарыдағыдай. Оның нәтижесі мен шығарылған шешімді уақыт көрсетер. Біздікі қарапайым халық пен құзырлы органдар арасында алтын көпір бола білу.

Мәди Алжанбай.