Генерал Меркуловтің мерейтойы

Уақыты: 09.08.2018
Оқылды: 1092
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылдық округіне қарасты шекара бекетінде генерал-лейтенант Матвей Меркуловтің 100 жылдығына арналған салтанатты шара аталып өтті. Қазақстан Республикасындағы шекара қызметінің 25 жылдығы аясында өткізілген игілікті іске ауыл тұрғындары мен аудан басшылығы қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен Шонжы шекара отрядының «Есекартқан» шекара бекетіне Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Матвей Меркуловтің есімі берілген болатын. Аталған шекара бекетінде қызмет атқарған генерал-лейтенант әскер қатарына алынған жас жауынгерлерге тәлім-тәрбие беріп, шекара күзетіне асқан жауапкершілікпен қарауды үйреткен. Соған орай осынау бекетте азаматтық борышын өтеген шекарашылар генерал-лейтенанттың өнегелі өмір жолынан үлгі алып, ұлағатты ғұмыр иесін құрмет тұтып келген.
Батыр генералдың 100 жылдығына арналған мерейлі салтанатқа Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров, «Шығыс» өңірлік басқармасының бастығы, полковник        А. Алиев арнайы қатысып, ізгі тілек-ниеттерін білдірді. Олар мемлекеттік шекараны қорғап жүрген шекарашылардың ісіне сәттілік, жұмысына қырағылық тіледі. Сонымен қатар, полковник А. Брекишев, шекара ардагері С. Арыстанов сөз алып, тәуелсіз Отанымыздың босағасы берік, қорғанысы мығым, мәртебесі биік бола беруіне тілектестік білдірді.
Салтанатты шара аясында әскери қызметте үздік шыққан шекарашыларға Алғыс хаттар табысталды. Шара соңы жауынгерлер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы