Тәуелсіздік баяны

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1586
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл мемлекетіміздің басты құжаты – Конституцияның қабылданғанына жиырма үш жыл толады. Содан бері Ата Заң қоғам мен мемлекет өмірінде ерекше рөл атқарып келеді. Осы кезеңге баға берер болсақ, ең алдымен, конституциялық ережелердің ел жетістігіндегі маңызын ұғыну керек. Қазір Конституцияның басты тұрақтандырушы рөл атқарғанын, еліміздің кең ауқымды дағдарыстан шығуына ықпал еткенін барлығы дерлік мойындайды. Тіпті, елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және қоғамдық өзгерістердің басты саяси-құқықтық негізіне айналды.

Конституция қабылданған республикалық референдумның қорытындысы бойынша сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан тарихында алғаш рет халық өз болашағын өзі шешті, сол үшін дауыс берді, бұл халықтың Конституциясы», – деген болатын. Содан бері Ата Заң мемлекеттіліктің барлық қажетті белгілерін бекітті.
Еліміздегі Конституциялық нормалардың мазмұнында қазақ халқының әдет-ғұрып құқығы, Қазақстанда бұрын қолданылған және бүгінгі мемлекеттердің конституциялық актілерінің озық идеялары бар. Сондай-ақ, іргелі конституциялық институттардың өкілдері Томас Гоббс, Джон Локк, Жан-Жак Руссо, Шарль Монтескье сияқты атақты философтардың теориялары ескерілген. Олардың ой-пікірлері көптеген демократиялық ел Конституцияларының негізін қалайды.
Конституциялық Кеңес ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында қолданылатын Конституцияның қорғалуын тікелей қамтамасыз ететін орган ретінде заңнамадағы «вирустарды» жойып, құқық шығармашылығы және құқық қолдану тәжірибесіне бағдар көрсететін құқықтық ұстанымды қалыптастыра алады. Шындығында Конституциялық бақылау адамның құқы мен бостандығын қорғаудың ішкі мемлекеттік құралдары жүйесінің қорғау тәсілдері таусылған жағдайда не қолданылатын құқықтық актінің конституциялық-құқықтық мағынасын анықтауға қатысты мәселелер туындаған кезде іске қосылатын резервтік тетік саналады. Конституциялық іс жүргізудің жинақталған тәжірибесі бүгінгі күні конституциялық талаптар мен қолданыстағы заңнама мен қалыптасқан құқық қолдану практикасы арасындағы белгілі бір теңсіздіктердің орын алғанын көрсетіп отыр. Осыған байланысты, заңдардың конституциялық сапасын қамтамасыз ету мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Мәселен, екі ай бұрын Конституциялық Кеңес Қарағанды облыстық сотының ұсынысын қарап, атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолданудың конституциялылығын мәселе ретінде қарастырды. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысында: «Сот орындаушысына келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелу қоғамдық тәртіпті, адам құқы мен бостандығын, оның ішінде, сот арқылы қорғалу құқығын қорғау, сондай-ақ, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың өз міндеттерін атқаруын қамтамасыз ету сияқты конституциялық маңызы бар мақсаттарды көздейді», – деп атап көрсетілген. Сөйтсе де, Конституциялық Кеңес күштеп әкелу мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманың елеулі кемшіліктеріне, атап айтқанда, күштеп әкелуді орындау тәртібінің заңда регламенттелмегеніне назар аударды.
Жалпы уәкілетті субъектілер Конституциялық Кеңеске өтініш білдіріп, өз келіспеушіліктерін айтып жатады. Бұл қалыпты процесс. Сол арқылы Конституцияда көзделген құқықтық дауды шешу тетігі іске асады. Қандай да бір норманы конституциялық емес деп танудың әрбір дерегін мұндай актіні шығарған мемлекеттік органның құзыретсіздігі деп түсінуге болмайды. Әлемнің ешбір елінде кемшіліксіз заңнама жоқ. Парламент және басқа да құқық шығармашылық субъектілері қателіктерге жол беруі әбден мүмкін. Конституциялық бақылау органдарына ғана құқықтық актілердің конституциялық сапасын куәландыру, жіберілген қателіктерді жөндеу құқығы берілген. Сондықтан да құқықтық мемлекет қағидатына негізделген елдерде осындай құрылымдар рөлінің қазіргі уақытта артуы заңды. Расында келіп түсетін әрбір өтініште нақты субъектілердің құқықтары мен бостандықтары қозғалып, заңның конституциялылығы сөз болады. Конституциялық Кеңес нақты іс бойынша қорытынды шешімін шығарған кезде анықталған құқықтық қайшылықты жойып, болуы мүмкін ықтималдардың алдын алады. Конституцияның мәтінінде әрбір сөйлемнің, сөз тіркесінің немесе сөздің, ал кейде тыныс белгісінің құқықтық мәні маңызды. Тіпті, бір норма әртүрлі құқықтық жағдайларда әрқалай қолданылуы мүмкін.
Кей жағдайда Конституциялық Кеңеске маңыздылық дәрежесін қандай да бір шкала бойынша есептеуге келмейтін конституциялық құндылықтар арасында тепе-теңдік іздеуге тура келеді. Мысалы, бір жағынан ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, екінші жағынан, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың шектен тыс шектелуі мен мәнінің бұрмалануын болдырмау қажет. Осындай өте маңызды мәселелерде Конституциялық Кеңес жиі зерделілік танытып, Конституцияға негізделген, әрбір нақты даму кезеңінде ортақ мүдделерге жауап беретін неғұрлым оңтайлы шешім табады. 
Әрине, көп жағдайларда Конституциялық Кеңес өз қызметінде басты конституциялық құндылық саналатын адамға, оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына басымдық береді. Дәл осының мысалы биыл жыл басында орын алды. Конституциялық Кеңеске Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің нормасын некесіз туған баланың анасын күтіп-бағу мерзімін босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңдермен шектейтін бөлігінде конституциялық емес деп тану туралы өтініш келіп түсті. Соттың пікірі бойынша, кодекстің аталған ережесі кемсітушілік сипатқа ие, өйткені оған сәйкес, некедегі әйелдердің немесе бұрынғы жұбайлардың ортақ баласы бар әкеден күтіп-бағу қаражатын одан да ұзақ мерзім ішінде алу құқығы бар. Конституциялық Кеңес әйелдің жүктілігі, баласын босану кезеңінде және одан кейінгі уақытта өзін күтіп-бағуға баланың әкесінен қаражат алуға құқығын олардың арасында заңды некелік қарым-қатынастардың болуына немесе болмауына байланысты жіктеу мемлекеттің некеге негізделген отбасы институтын қорғау міндеттемелерін іске асырумен байланысты деп түсіндірді. Солай бола тұрса да, Конституциялық Кеңес баланың және заңды неке құрмаған анасының мүдделерін неғұрлым толық қамтамасыз ету қажеттілігіне Үкіметтің назарын аударды. Өйткені табиғи жаратылыстану заңдарына байланысты жүктілік кезеңінде және бала өмірінің алғашқы жылдарында баланың мүддесін оның анасынан бөліп қарау мүмкін емес. Осы маңызды кезеңде олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің теңдей қорғалуына кепілдік беру қажет. Соттың аталған өтінішін қарау неке құрмаған әйелдердің және асырауындағы мүгедек балалардың заңды мүдделерін қорғауға байланысты басқа да мәселелер туғызды.
Конституциялық Кеңестің қызметі «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде құқық үстемдігінің сақталуы мен жаппай заңға мойынсұнушылықты қалыптастыруға бағытталған. Қоғамдық сананы жаңғырту құқықтық мәдениетті арттыруды да қамтиды. Құқықтанушылардың тілімен айтқанда, конституциялық патриотизм мемлекетін қалыптастыру қажет. Оның негізгі қағидаттары құқық үстемдігі мен құқықтық тәртіп, жаппай заңға мойынсұнушылық пен қауіпсіздік, еркіндік пен жауапкершілік. Конституциялық патриотизм қазақстандық патриотизм идеологиясының бір түрі ретінде, Конституциядағы демократиялық құндылықтар негізінде барлық азаматтарды біріктіруі қажет. Міндеттің ауқымдылығын есепке ала отырып, конституциялық патриотизмге тәрбиелеуді жалпы мемлекеттік деңгейге көтеру қажет деп есептеймін.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Заңын өз дәрежесінде жүзеге асыру арқылы Ата Заңның беделін айтарлықтай арттыру қажет. Ал, Конституциялық қағидаттарды толыққанды іске асырғанда ғана Қазақстан алға қойған жоғары мақсаттарға жететініне кәміл сенемін.

Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы