ТОҒЫЗ АҢШЫҒА ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1620
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Маусымның ашылғанына аз ғана уақыт  өтсе де жолдама алып, қанжығалары майланған аңшылар қауымы  көп.  Ал  еліміздің аң-құсын, балығын заңсыз жолмен аулауды кәсіп қылған браконьерлер болса, әлі де тыйылар емес. Демек браконьерлермен күресу – баршамыздың басты міндетіміз.

Қазіргі таңда облыс аумағында табиғат байлығын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 15 коммуналдық орман шаруашылығы мекемесі, 5 ұлттық табиғи парк, 1 мемлекеттік табиғи резерват, 2 қорық, 109 аңшылық, 36 балық пайдаланушылар   жұмыс істейді. 
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясының қызметкерлері 9 айдың қорытындысы бойынша 1085 рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзған 515-тен астам дерек тіркеді және 9 қылмыстық іс қозғады. Атап айтқанда, 514 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке, 2 жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарға 7 млн. 503 мың  теңге көлемінде  айыппұл салынып, 6 млн. 415 мың айыппұл  өндірілді. Келтірілген залал құны - 4 млн. 755 мың теңге. Өндірілгені – 4 млн. 160 мың теңге. Браконьерлерден 8 аңшы қаруы, 161 балық аулау құралы және  басқа да  айғақ заттар алынды.
Жауапқа тартылып айыппұл салынып жатса да заңсыз, құжатсыз  өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне  қол сұғу тыйылар емес. Ағымдағы жылдың соңына дейін де қасақылыққа қарсы іс-шаралар облыс аумағында   кең көлемде жүргізіледі.  Сондықтан, табиғат аясында әуесқойлықпен (спорттық) аң аулау, балық аулау кезінде табиғатты қорғау заңнамаларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз.
Ата Заңымыздың 38-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті деп жазылған.   Осыған орай табиғат байлығы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтауға, санын молайтуға үлес қосу – баршаның міндеті. 
 

Бекзат НОҒАЙБЕКОВ,

Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы