ӘДЕП КЕҢЕСІ ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫН КЕШІРДІ

Уақыты: 01.11.2018
Оқылды: 1590
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиында алдымен Ескелді, Қаратал ауданы әкімі аппараттарының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты заңбұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмыс қорытындылары қаралды. Одан кейінгі үш сұрақ сыртқы талдау жұмыстарының қорытындысына қатысты болды. Айталық, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмысы тыңдалып, аталған мекеменің әдеп жөніндегі уәкілі А.Тұрысбаеваның қызмет нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ, Алматы облысы әділет департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі А.Дауылбаеваның да қызмет нәтижесі оқылды.

Ағымдағы жылдың қазан айында департамент қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілген. Талдау барысында 17 тәуекел анықталды, оның ішінде 13 тәуекел департаменттің қызметін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерде анықталса, 4 тәуекел департаменттің жұмыс барысында белгілі болған. Сыртқы талдау барысында тәртіптік жазаның мерзімінен бұрын алу практикасы анықталған. Осылайша, 2017 жылы департаменттің 5 қызметкерінен тәртіптік жаза нақты негіздерсіз мерзімінен бұрын алынып тасталды. Бұл тәртіптік жазаның формалды түрде қолданылғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, талдау жүргізу кезеңінде 4 жасырын мемлекеттік қызмет анықталғандығы да тілге тиек етілді.

Кеңес отырысында қаралған соңғы екі мәселе – Ұйғыр ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Т.Сайдахметовке және Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевқа қатысты тәртіптік істер.

ҚР Жер заңнамасының талаптарын сақтамағандығы үшін Т. Сайдахметовке қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ал Мәрлен Көлбаев Өтенай ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде сөзін бөлгендігі үшін сол ауылдың азаматшасына дөрекілік танытқан. Әдеп кеңесінде бұл іске қатысты кешірім беріліп, мемлекеттік қызметкердің көпке үлгі, беткеұстар азаматтардың қатарынан екендігі және қызмет этикасын сақтау жұмыс барысындағы басты талап болып табылатынын ескеру керектігі түсіндірілді.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА