ЗАҢСЫЗ ҚАРУ САҚТАҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Уақыты: 06.11.2018
Оқылды: 1139
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында полиция қызметкерлері қару-жарақты заңсыз сақтауға қатысты рейд ұйымдастырып, бақылауды күшейтті. Кез-келген қару иесіне заңнамалық негізде түрлі талаптар мен шектеулер қойылатыны белгілі. Заң аясында талаптар орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттеледі. Дегенмен, өңірде қару түрлерін тіркеу немесе оларды есепке қою тәртібін бұзып, салғырттық танытатын азаматтар да аз емес.

"Қару иелерінің заңмен бекітілген міндеттері бар. Өздерінің және еліміздің қауіпсіздігі үшін ол міндеттер мүлтіксіз орындалуы тиіс. Полиция тарапынан бұл талаптардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Тәртіпке бағынбаған қару иелеріне әкімшілік айыппұлдар саламыз. Жыл басынан бері қаруды сақтау, оны тіркеуге қою міндеттемелерін сақтамаудың 1500-ден астам дерегі анықталып, азаматтарға 45 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды",- деп хабарлайды Алматы облысының ІІД баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста халықтан ерікті түрде қару сатып алу бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде, 6 миллион теңгеге 147 дана қару сатып алынған еді. Аңшылыққа қолданатын, сондай-ақ, ойық мылтықтарды және жарақат салатын қару түрлерін ерікті түрде өткізген халық арнайы бағдарлама шеңберінде сыйақыға ие болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"