ТАЛҒАРДА ҚАРУ-ЖАРАҚ ҰРЛАҒАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 07.11.2018
Оқылды: 1372
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Атышулы оқиға Талғар ауданында орын алды. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланған қылмыскерлер пластикалық терезені керіп ашып, арнайы сейфте сақтаулы қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді және ірі көлемдегі қаржыны жымқырған. Бұл жайлы Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтады. Талғар аудандық полицияның жеке құрамын жедел жұмылдыру нәтижесінде қылмыс жасаған топ мүшелері құрықталды. Қолға түскен - 28-35 жас аралығындағы Алматы қаласының үш тұрғыны. Олар бұған дейін де қылмыстық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылғандар болып шықты.

«Полицияға дер кезінде хабар берілгенінің арқасында қылмыскерлер із суытпай қолға түсті. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-тармақшасына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қылмыскерлерден жауап алынды. Сондай-ақ, олардың басқа да қылмыстарға қатысы анықталу үстінде. Күдіктілер Талғар ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», - деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Айта кетейік, облыстағы ішкі істер департаментінің ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда қару-жарақ иелеріне қойылатын талаптар қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 90-ға жуық қару тәркілеген. Олардық ішінде аңшылар қолданатын қарулар, шолақ, газ және травматикалық мылтық түрлері бар. Полиция өкілдері осындай жағдайлар орын алмауы үшін қару иелеріне заңнаманы қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"