СТУДЕНТТЕРГЕ ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 1210
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Иә, құзырет деуге келмес әрине. Бірақ Талдықорғанда оқитын студенттер қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауға, көшедегі заңсыздықты болдырмауға полициялармен бірге үлес қоспақ. Осыған орай Жастарға қызмет көрсету орталығында «Жалын» студенттер жасағының мүшелеріне қызметтік куәлік тапсырылып, ел мен жердің тыныштығын сақтауға үлес қосатын өрендерге арналған салтанатты шара өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ораз Жолдасов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жақыпов, «Жалын» студенттер жасағы штабының жетекшісі Болат Молдабеков қатысқан салтанатты шарада 300 студент құқық қызметкерлерінің бір шетіне шығысып, қылмысты тоқтатуға, қоғамдық орындарда шылым шегуді болдырмауға, жастардың ішімдікке әуестігін, есірткіге тәуелділігін жоюға септігін тигізуі керектігі айтылды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев:

– «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін» дегенді аталарымыз тегін айтпаған. Себебі, қай уақытта да жігерлі, қайратты, ештеңеден тайынбайтын, тайсалмайтын жастар еліміздің болашағы. Сол үшін де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастар мәселесіне көп көңіл бөліп отыр. Оны өздеріңізде білесіздер, келер жылдың Жастар жылы деп жариялануы бекер емес, – деп «Жалын» студенттер жасағына артылар жауапкершілік жүгінің ауырлығын ұғындырып өтті. – Биыл жастар саясаты басқармасының бастамасымен осындай шара жасалып отыр. Бұл келесі жылға жасалған қадам. Өте қуанарлық жағдай. Себебі, ешбір өңірде мұндай жасақ жоқ. Үстілеріңізге киген арнайы киім мен қолдарыңыздағы қызыл куәлік сіздерге артылып отырған зор сенім. Еліміздің әрбір қаласында, әрбір ауылында елім дейтін жастар табылады. Солардың қатарында облысымыздағы 500 мыңға жуық жас игілікті істерге атсалысып жатса үлкен жетістік, үлкен жеңіс. Міне, соны өздеріңіз бастап, қолға алайын деп тұрсыздар. Бұл ертеңгі өмірлеріңізге көмек. Оқу орнын бітіріп, үлкен азамат атанғанда құқық қорғау органдарында жұмысқа кірген болсаңыздар көмегін тигізеді. Арттарыңыздан өсіп келе жатқан қаншама іні-қарындастарыңыз бар?! Солар сіздерге қарап бой түзейді, жүрісін дұрыстайды, тәртібін жақсартады. Сырттай жеңіл әрі қызықты көрінгенімен мұның жауапкершілігі ауыр. Сондықтан, бастап жатқан істеріңізге сәттілік, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Одан соң сөз алған облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ораз Жолдасов студенттердің аптасына екі күн, кешкі уақытта көшедегі тәртіпсіздікті қадағалауға шығатынын, сонымен қатар, құқықтық заңнамалар мен Азаматтық, Қылмыстық Кодекстерді оқуға мүмкіндік берілетінін атап өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық полиция департаменті бірлесіп жүзеге асыратын жасақ мүшелері психологиялық және физикалық тұрғыдан дайындық жасап, қабілет-қарымын шыңдайды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ,

"Жетісу"