ҮШ ТОННА БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ

Уақыты: 20.11.2018
Оқылды: 1065
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары Қарағанды өңірінің тұрғыны тізгіндеген «ФОРД» автокөлігін тексеру барысында ірі көлемде балық тиелгенін анықтады. Үш тоннадан астам балықты құжатсыз тасымалдаған азамат мемлекетке 10 миллион теңге шығын келтірген. Бұл жайлы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Газель» автокөлігі Құйған-Топар автожолы бойында тоқтатылды. Көліктегі 3 тонна 198 келі балықтың заңға сәйкес тиісті тасымалдау құжаттары болмай шықты. "Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы, 4, 5-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр", - деп атап өтті Алматы облыстық жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясының инспекторы, полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Полицейлер табиғат қорғау ведомстволарымен бірлесе отырып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне заңсыз қол сұқққандарды анықтап, бұдан әрі заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында кешенді шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, «Рубеж» полиция бекетінде тәртіп сақшылары "Ниссан" көлігінің жүксалғышынан заңсыз атылған 3 еліктің етін тапты. Жамбыл ауданының тұрғыны тізгіндеген автокөлікті тексеру барысында «СКС» ойық аңшы мылтығы мен рұқсат ету мерзімі өтіп кеткен аңшы мылтығы табылды. Ұсталғандарға заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"