ГЕНЕРАЛ МАРАПАТЫ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 980
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

   Облыстық полиция департаменті Жетісу төріндегі қаламгерлермен және өнер майталмандарымен бірлесе жұмыс істеп, полицейлердің рухани әлемін жаңғыртып тұруды игі дәстүрге айналдырған. Қандай мерекеде болса да облыстағы зиялы қауымға деген құрметтері ерекше. Орайы келгенде оларды арнайы шақырып, орталарына алып, тағылымды әңгімелерін тыңдап, жан дүниелерін жадыратып алуды назарларынан тыс қалдырған емес.

 

   Ырысы мен берекесі тасыған қоңыр күздің ортасынан ауа бере Жетісудың жүрегіне айналған Талдықорған төрінде мемлекеттік тілдің қадірін арттырған республикалық «Парасатты полицей» байқауы өткен. Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасына алтын көпір болып, күретамырымыз саналатын ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында жыл сайын дәстүрлі өтіп жүрген байқаудың жоғары деңгейге жетуіне қолдау көрсетіп, төрт тараптан келген полицейлердің ерекше өнері мен сөйлеу шеберлігін, тапқырлығы мен шешендігін таразылап, жеңімпазды анықтаған қазылар алқасына облысымызға ғана емес, елімізге танымал азаматтар шақырылған еді.  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ғасыр төріндегі ата басылым, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен  белгілі айтыскер ақын, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, өнердің қара шаңырағы, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының директоры Ғалия Темірбаева, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Гүлнар Беспаева болып, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтап, парасатты полицейлердің мәртебесін бір көтеріп тастады. Осындай кезде рухани демеу жасап, қолдау көрсеткен зиялы қауымға риясыз көңіл білдірген облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрымханов арнайы шақырып, барлық полицей атынан рахметін айтып, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-подполковнигі Қалмұхамет Қасымовтың Астана төрінен жолдаған Алғыс хатын табыс етті. Мұндай қосқан үлесті өздері тамшыдай деп қабылдағанымен алғысы таудай болды. Мұны бірлік бар жерде жарасымды тірлік те орын алады деп түйдік.

Өз тілшіміз