ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАУШЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 22.11.2018
Оқылды: 1186
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы аумағында жүргізілген «Допинг» жедел-іздестіру шарасы барысында Талдықорған қаласының 47 жастағы тұрғынының үйінен саудалау мақсатында әзірлеп қойған кептірілген марихуанна табылды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған азаматтың үйінен табылған есірткі затының салмағы - 125 грамм. Оны өзгелерге сату мақсатында дайындағаны анықталды. Есірткі тәркіленді және бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 297 бабының 2-тармағы бойынша іс қозғалды. Сонымен қатар, аталған шара кезінде бір күн ішінде полицейлер есірткі заттарын заңсыз сақтаудың бірнеше дерегін анықтады. Қаратал ауданында 50 жастағы азаматтан 2 килограммнан 700 грамм есірткі тәркіленіп, оған қатысты сотқа дейінгі тексеру амалдары басталды. Ал Панфилов ауданының 68 жастағы тұрғыны үш жарым килограммға жуық есірткі құралын үйінде заңсыз сақтағаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазасын алатын болды. Іле ауданының тәртіп сақшылары 41 жастағы тұрғынның үйінен 5 граммға жуық марихуанна есірткісін тауып, оны мекенжайын өзгертпеу және келу туралы міндеттемемен жіберді. Айта кетейік, биыл Алматы облысының полицейлері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам есірткі заттарын жойған. Оның ішінде 1 килограммнан астам героин және 14 келі гашиш есірткісі бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"