ТЫШҚАН ҮШІН ТҰТҚЫНДАЛДЫ (видео)

Уақыты: 22.11.2018
Оқылды: 4307
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы қаласына жол тартқан Балқаш ауданының тұрғыны көлігінің жүксалғышына 200 килограммға жуық балық пен ондатрдың 298 терісін тиеген жерінен  ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қапшағай қаласының маңында "Тойота" автокөлігінің жүксалғышынан тасымалдауға қажет тиісті құжаттары жоқ 89 келі жайын және 107 келі сазан балығы, сондай-ақ, су тышқанының 298 терісі табылды. Бұл факт бойынша Балқаш ауданының 25 жастағы тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде», - деді Қапшағай қаласы табиғатты қорғау полициясының өкілі, полиция капитаны Ринат Ботаев.

Полиция өкілдері заңсыз ауланған балық арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылатынын айтты. Сонымен қатар, осы дерек бойынша терілерге тиісті сараптама тағайындалып, оның корытындысы іс материалына қосылатынын жеткізді. Құқық бұзушының айтуынша, ол балықтар мен терілерді Алматы қаласында сату мақсатында белгісіз біреулерден алған. Дегенмен, тәртіп сақшылары заңнама талаптарын білмеу азаматтарды жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"