93 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯНЫҢ НОУТБУГЫ ҰРЛАНДЫ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1114
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданының тәртіп сақшылары 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйіне қара түсті бетперде киген белгісіз екі адамның тапа-тал түсте кіріп келіп, ақша талап етіп, ноутбуктарын алып кеткенін анықтады. Оқиға бойынша полиция өкілдеріне шұғыл қоңырау келіп түскен. Бұл жайлы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында аудан орталығының еш жерде қызмет жасамайтын 34 және 35 жастағы екі азаматы ұсталды. Тексеру барысында қолды болған ноутбук пен қара түсті бетперделер, қолғаптар күдікті тұратын үйдің шатырынан табылды. Олар іс материалдарына айғақ ретінде тіркелді»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

Алдын ала тексеру бойынша күдіктілер ішімдікке сылқия тойып алып, көңілді отырысты жалғастыру мақсатында ақша іздеген. Өзара ақылдасу кезінде қарсылық көрсетуге шамалары келмейтін аудан орталығының егде жастағы қарияларын тонау туралы шешімге келген. Үйден ақша табылмағаннан кейін үстел үстіндегі қос қарияның ноутбукты алып кеткен. Дегенмен, оны сатып үлгермеген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Олар аудандық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"