КОРРУПЦИЯЛЫҚ КАРТОЧКА АЛЫП ЖҮРМЕҢІЗ

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1401
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханада жемқорлықтың алдын алу бойынша семинар-кеңес өтті. Оған медицина қызметкерлері қатысты. Шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков жүргізіп отырды. Семинарда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Асқар Садықов баяндама жасады. 

 

- Соңғы 10 айдың қорытындысына сүйенсек, облысымызда сыбайлас жемқорлық бойынша 172 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 228 млн. теңге өндірілген. Олардың 86-сы соттың шешімімен қылмыстық жазаға кесілсе, қалғандары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы адамдардың 19-ы басшылық қызмет атқарғандар, - деді департамент өкілі. - Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайдың өзінде құқық бұзушыға айыппұл белгіленіп, мемлекеттік қызмет істеуге мүлде тыйым салынады. Ең қиыны, коррупциялық карточка беріледі. Ол – ұрпағыңызға дақ салу деген сөз. Болашақта оның балалары мен немерелері мемлекеттік қызметке тұра алмайды. Соңғы үш жылда жемқорлықпен күрес белсенді жүргізіліп келеді. Бұрын мұндай қадамға барған адамдар туралы ақпарат жасырын ұсталса, қазір адамдарға ой салу, жемқорлықтың алдын алу, оның соңы неге апаратынын түсіндіру үшін ашық көрсетілуде. Заң бойынша пара берген адам да, алған адам да қылмыстық жазаға тартылады. 2 МРП-ға дейінгі көлемде, демек, 4810 теңгеге дейін пара алу әкімшілік қылмыс болып саналады. 2 МРП-дан жоғары пара алғандар қылмыстық жазаға тартылады.

Балалардың бойын жемқорлықтан аулақ ұстау мақсатында республика бойынша мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істеуде. Оған 246 мың оқушы мүше. Қазір 1-11-сынып оқушылары жемқорлық дегеннің мемлекетке зиян келтіретінін бала жастан түсініп өсуі үшін зиянды індеттің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір балабақшаға да мұны енгізудеміз.

Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Жемқорлық туралы бейнеролик көріп, оның соңы неге апаратынына көз жеткізді. Шараны қорытындылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков медицина қызметкерлерін қоғам дертінен аулақ болып, дәрігер деген абыройлы атты биік ұстауға шақырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА