КӨЛІК ИЕСІН ӨЛТІРІП, ЖАР ШЕТІНЕ КӨМГЕН

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1072
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полицейлер Алматы облысы аумағында орналасқан ірі көлік базарының бірінде жантүршігерлік қанды оқиғаны тіркеді. Бейтаныс адам көлік сатушыға келіп, темір тұлпарын сатып алуға ниетті екенін айтқан. Алайда теріс пиғылды жігіт қаражатты үйінен беретінін жеткізеді де, нотариалды құжаттарын рәсімдеп алады. Жол-жөнекей көлік иесін өлтіріп, жылжымалы мүлкін қолды қылған.

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті «Тойота» маркалы көлігін сатуға келген 26 жасар азаматты ақшаны үйде беремін деп сендіріп, көлікке еш кедергісіз нотариалды құжат жасатқан. Базардан шыққанда елсіз жерде көлік иесін өлтіріп, мәйітін жол-жөнекей жарға көміп кеткен.

Көлік иесі Түркістан облысының тұрғыны болған. Бұған дейін сотты болған 36 жастағы Алматы облысының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. "Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл іс облыстық тергеу басқармасының өндірісінде",- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Айта кетейік, қолды болған көлік күдіктінің үйінен табылып, тәркіленді және іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"