ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1049
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында өз жұмысына немқұрайды қараған мемлекеттік қызметкерлердің әдебі қаралып, айыптыларға жаза тағайындалды.

 

   Алдымен Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы Азиза Тлесоваға, Талдықорған қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұловқа, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Серік Базарбаевқа және Талдықорған  қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Анар Батхолдиноваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік іске қатысты баяндама жасаған Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Ермек Тезекбаев өз өтінішімен жұмыстан кеткен Талдықорған қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұловтың әрекетінде заң бұзушылық бар деп есептейтінін жеткізді. Алайда қаралған іске орай сұрақ қойған Әдеп кеңесінің төрағасы Серікбай Нұрғисаев мәселенің мәнісін анықтау керектігін ескертті. Бұл іске қала әкімі Дастан Шалтабаевтың қатысы  жоқтығы анықталып, тәртіптік істің негізсіз қолға алынғаны белгілі болды. Осындай қателікті ескерген Әдеп кеңесінің мүшелері Талдықорған қаласының әкіміне қатысты тәртіптік істе теріс қылықтардың болмауына байланысты оны тоқтату жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұловқа, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы Азиза Тлесоваға шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабының   1 тармағының  4 тармақшасын сақтамағандары үшін қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану қала әкіміне ұсыныс ретінде берілді. Одан бөлек, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Серік Базарбаевқа және Талдықорған әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Анар Батхолдиноваға ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің  5 тармағының 11 тармақшасын сақтамағандары үшін сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ұсыныс толық қолдау тапты.
   Бұдан соң Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқаққа, аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаевқа, Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаевқа қатысты тәртіптік істерді Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының  бас маманы Т. Кенжебеков таныстырды. Онда биыл Е. Жантоқов есімді азаматқа жеке орман шаруашылығын өсіру үшін екі гектар жердің негізсіз берілгені айтылды. Себебі, облыстық мәслихаттың нормаларына сәйкес Еңбекшіқазақ ауданында ауылшаруашылық үшін берілетін жер телімдерінің көлемі 10,5 гектардан кем болмауы керек. Алайда 2 гектар жердің негізгі мақсатын өзгертуге қатысты мәселе комиссияда қаралмаған. Осы құжаттардың бәріне аудан әкімінің қолы қойылған. Әдеп кеңесінің мүшелері осыған орай аудан әкімі Бинәлі Ысқаққа қатаң ескерту беру жөнінде шешім шығарды. Аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаевқа қатаң сөгіс беру, Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаевтың қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде дауыс берді. Заңсыз берілген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады.
   Әдеп кеңесінде қаралған Панфилов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабековке қатысты тәртіптік істі Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының  бас маманы Еркінбек Абиров таныстырды. Баяндамашының айтуынша, Жаркент қаласының Жібек жолы даңғылындағы №26 үйдегі 4-ші және 6-шы пәтерлерді жалдаушы ағайынды Шоқан мен Жамбыл Нүсіповтердің отбасын мәжбүрлеп шығару жөніндегі арыз Панфилов аудандық сотына түсірілген. Алайда арада біраз уақыт өткенде пәтер жалдаушылардың көршілерінің түсініктемесі, жарылған жылыту жүйесінің жасалмағандығы, 2017 жылдан бері коммуналдық шығындардың төленбегендігі  ескеріліп, арнайы комиссияның тексеруімен арыз қайтарылып алынады. Өйткені, әлеуметтік мұқтаж отбасы үйдің жылыту жүйесін жөндеп, қарызын төлеген. Осыған орай көтерілген мәселені талқылаған кеңес мүшелері әлеуметтік аз қамтылған отбасының жағдайы үшін арызын қайтарып алған Панфилов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына ҚР  мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексімен ескерту беруге келісті.
   Әдеп кеңесінің отырысында Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының Әдеп жөнінӨдегі уәкілі М. Жұмағалиевтің қызмет нәтижелері, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі  А. Бахияновтың қызмет нәтижелері тыңдалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындысы, «Панфилов ауданы әкімінің аппараты» ММ-нің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындысы қаралды. Сонымен қатар, биылғы 9 айдағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің нәтижесі, Ұйғыр ауданының аппаратында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жүргізілген ішінара тексерудің қорытындысы және анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар тыңдалды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және мемлекеттік органдардағы қызметтік этиканы сақтау бойынша «Жамбыл ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Панфилов ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Ұйғыр ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Кербұлақ ауданы әкімінің аппараты» ММ және «Қапшағай қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің қызметін талдау нәтижелері қаралды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.