ТЫНЫШТЫҚ САҚШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 01.12.2018
Оқылды: 1178
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тұңғыш Президент күніне орай Талдықорған политехникалық колледжінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Шараға ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысып, бірқатары марапатталды.

Сахнаға көтерілген облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Думан Иманбаев:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, тұғырлы ел екенімізді дәлелдедік. Оған мемлекетіміздегі күрделі салалардың бірі ішкі істер органдарының үлесін атап өтуге болады. Әрбір азаматтың қауіпсіздігін және қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етеді, – дей келе атаулы күннің ерекшелігіне тоқталды. Ал Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, магистр Өнербек Қуанған болса, Мемлекет басшысының өмірі мен қызметі туралы баяндама оқыды.

Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Еділ Тлеуберлинов еңбегі еленген қызметкерлерді марапаттап, грамоталар табыстады. Тыныштық сақшылары Нұрсұлтан Әбішұлы туралы хроникалық-деректі фильм көріп, мерекелек концерт тамашалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"