ХАЛЫҚ ТА, САҚШЫ ДА РИЗА

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 967
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жер көлемі үлкендігінен елді мекендер арасының бір-бірінен қашық орналасуы Жамбыл ауданындағы учаскелік полиция қызметкерлеріне едәуір қиындық тудырып келген еді. Енді бұл қолайсыздық еңсерілді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында бірнеше ауылда телімдік инспекторларға арналған тірек қосындары ашылды. Атап айтқанда Сарыбай би, Жамбыл, Қарақыстақ, Мәтібұлақ, Самсы, Үлгілі, Шиен, Сұраншы батыр, Б. Қыдырбекұлы, Мыңбаев, Үмбетәлі ауылдарында салтанатты жағдайда пайдалануға берілсе, ал аудан орталығы Ұзынағаш ауылында учаскелік инспекторларға арналған үш бірдей тірек пунктінің лентасы қиылды. Қызмет орны мен баспанасының бір шаңырақтың астында болуы сақшыларға да, халыққа да өте ыңғайлы. Қызметтік тұрғын үйі мен кеңсесі жапсарлас орналасқан осындай ғимараттардың аудандағы 24 ауылдық округте салынуы инспекторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Тұрғындар енді тәртіп сақшысын тәуліктің кез келген уақытында ауылдан таба алады. Ал полиция тірегінде қоғамдық тәртіпті қадағалау мен қылмыстың алдын алуға барлық жағдай жасалып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы