СОТТАЛҒАНДАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 887
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әркімнің тағдыры әрқилы. Біреу сүрініп, қайта тұрса, енді біреу құлаған жерінен тұрғысы келмейді. 

Әсіресе, сүрініп кетіп, сотты болған жандар жазасын өтеп шыққан соң қоғам өміріне араласуда қиындық көріп, жұмысқа тұра алмайды. Осыған орай қоғамдық негізде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар еңбекпен түзеу колониясынан оралған жандарды өмірге бейімдеп, қолдау көрсетумен айналысады. Биыл «Талдықорған аймақтық жұмыспен қамту қоры» Қоғамдық қоры жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік оңалтуға арналған жоба ұйымдастырып, өз ісін бастау арқылы еңбекпен түзеу мекемелерінен оралған жандарды жұмыспен қамтуды ойластырған кәсіпкерлерге 2 миллион теңгенің грантын берді. Осыған орай өткізілген «Өзіңіздің әлеуметтік бизнесіңізді бастау» оқу-семинарға қатысқан сотталып келген 25 адам шағын және орта кәсіпкерлікті бастаудың қыр-сырын меңгерді. Олардың сегізі «Екінші мүмкіндік» атты байқауға қатысып, кәсібін жүргізуге қажетті жобаларды қорғап шықты. Осылардың ішінен «Автошеберхана» жобасын қорғаған және «Темір ұстасы» жобасын таныстырған екі жігіт 1 миллион теңгеден ұтып алды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген қос жеңімпаз қазір өз ойларын іске асырып, жұмыстарын дөңгелентіп отыр. Мысалы, Аманжол Жұмаділов облыс орталығында дөңгелек жөндеумен айналысса, Олег Охват ұсталықты меңгеріп, темірден түрлі заттар жасауда. Жобаға байланысты арнайы брифинг ұйымдастырған «Талдықорған аймақтық жұмыспен қамту қоры» Қоғамдық қоры қос жеңімпазды мінберге шақырып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне таныстырды.
Брифингті ұйымдастырушылардың айтуынша, Талдықорған қаласында еңбекпен түзеу мекемелерінен жазасын өтеп шыққан 145 адам бар.

Мәди АЛЖАНБАЙ