АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ АТЫ АТАЛДЫ

Уақыты: 26.12.2018
Оқылды: 1644
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев алдымен Б. Римова атындағы облыстық драма театрына барып, «Құлқынның құлы» атты спектакльді тамашалады. Бүгінгі күні қоғам үшін жегіқұрттай болған сыбайлас жемқорлықтың зардабы баяндалған спектакльде ойнаған әртістер мен театр ұжымына алғыс гүлін және Агенттік төрағасы атынан Алғыс хат табыс еткен астаналық қонақ одан соң «Жастар» спорт сарайын аралап көрді.

Облыстық әкімдікте ашылған «Jetisy – adaldyq alany» атты кабинеттің тұсаукесеріне қатысқан Алик Жатқамбайұлы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Нұрланбаевтың, облыстық соттың судьясы Нұргүл Жекенованың, облыстық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің облыстық департаменті жанынан құрылған мониторинг тобының жетекшісі Дания Қыдырбаеваның есебін тыңдап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қылмыс пен заңбұзушылықтарды болдырмау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мемлекеттік қызметтің барлық саласында сыбайластық, жемқорлық, парақорлық сынды індеттерді болдырмау керектігін атап өткен агенттік басшысы бұдан соң әкімдіктің үлкен залында ұйымдастырылған жиналысқа қатысып, Жетісу жерінде қолға алынып жатқан және мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылып жатқан шаралардан хабардар болды.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық Баталов алғашқы сөзді баяндама жасау үшін «Астана – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Жазира Жылқышиеваға берді. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып жатқанын тілге тиек еткен баяндамашы «Адалдық алаңы» жобасы да сондай бастаманың бірі екендігін көпшілік назарына жеткізді. Одан соң мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев астаналық қонаққа облыста атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, сыбайлас жемқорлық дерегімен ұсталған лауазымды шенеуніктердің әрекетін сынға алды.

– Биыл тіркелген 136 сыбайлас жемқорлық қылмысының ішінде ауыр қылмыс санатына жатқызылғаны 90. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы үшін 90 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, оның 20-сы бірінші басшы. Әшкереленген лауазымдылардың біреуі республикалық, бесеуі облыстық, сегізі аудандық және қалалық деңгейдегі тұлға, – деген Серікбай Өрікбайұлы сыбайлас жемқорлықтың орға жығатынын нақты дәлелдермен әңгімеледі. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі басымдықтарының бірі шағын және орта бизнесті қорғау екендігі белгілі. Биыл бюджет қаражатын ұрлаумен күрес ерекше бақылауда тұр. Жыл басынан барлығы 28 құқықбұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 300,0 миллион теңгенің шығыны өтелді. Департамент жұмысының белсенділігіне сыбайлас жемқорлықтың жүйелі деректерін анықтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар дәлел бола алады. Биылғы қыркүйек айында Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекцияларының лауазымды тұлғаларының қылмыстық іс-әрекетінің жолы кесілді. Олардың қатарында облыс аумағы пен Алматы қаласында жүк көліктерінің кедергісіз жүруі және қамқорлығы үшін заңды тұлғалар мен коммерциялық ұйымдардан ақша бопсалаумен айналысқан облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Б. Жантуров бар. Ол құрған қылмыстық топ ай сайын шамамен 5-6 миллион теңге заңсыз табыс тауып отырған. Одан бөлек, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы С. Бекішовке, облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Д. Байсариевке қатысты қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеу аяқталса, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Білім беруді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында салынатын нысандарға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде ақшалай және автокөлік түрінде пара алған Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары А. Шаяхметов 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жиын соңында Алматы облысының жұртшылығына ризашылығын білдірген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғам мен мемлекеттік қызметкерлер арасын жақындату, сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа жалпыхалықтық жеккөрініш тудыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру бүгінгі күннің талабынан туындап отырғанын атап өтіп, адам баласының бойындағы адалдық, әділдік, туралық, шыншылдық сынды асыл қасиеттерді ұштау керектігін алға тартты. Сондай-ақ, халық пен билік арасын жақындату мақсатында көптеген заманауи қосымшалар жасалып, тұтынушыларға қызмет ететініне,  атап айтқанда, «Цифрлы Агент» атты мобильді телефон қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болатындығына ерекше тоқталды. Осылайша әрбір адамның мемлекеттік қызметтерді оңай әрі жылдам алатындығын жеткізді.

Алқалы жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойып, келісім жасасты. Сондай-ақ, Жетісу жеріндегі мемлекеттік қызметтің өркендеуіне үлес қосқан жандарға агенттік төрағасының атынан Алғыс хаттар мен Грамоталар табыстады.

Талдықорған қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына барған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік мекеменің жұмысымен танысты. Онда кезекте отырған жандармен тілдесіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жоғары баға берді.

***

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі  агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қаладағы көпсалалы аурухананы көрді.  Онда мекеме басшысы Сәуле Құсмолданова монитор арқылы емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мекеме әр емделушіге электронды  паспорт ашыпты. Онда сырқаттың ауруханаға түскен кездегі жай-күйі, қандай ем алғандығы жазылады.  Жалпы ашылғанына  екі  жыл болған емхананың барлық аппараттары  заманауи.  Бүйректегі тасты отасыз  түсіретін аппарат,  көзге ота жасайтын  қондырғы, буынды алмастыратын аппараттың барлығы  дерлік ең соңғы үлгідегі «ақылды» дүниелер.  Алик Жатқамбайұлы бұл жерде «Жедел жәрдем» қызметінің жұмысымен де танысты.  Аталмыш мекеме де электронды жүйемен жұмыс істеуге көшкен.  Қаладағы 17 «Жедел жәрдем»  бригадасы орталықтағы  монитор арқылы бақыланады.  Олардың қай жерде кетіп бара жатқаны, баратын нысанға  қанша уақытта жететіні, қай машинаның бос, қай машинаның сырқатты алып келе жатқандығы  әртүрлі белгілермен көрсетіліп тұрады. Денсаулық сақтаушылардың айтуынша, электронды жүйе жұмысты реттеуге көп септігін тигізетін көрінеді. 

Аталмыш көпсалалы ауруханада   қатерлі ісікті ерте анықтайтын  орталық ашылған. Орталық  мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде іске қосылды. Мұнда негізінен өкпе рагі мен әйелдердің сүт безі обыры анықталады.   Аталмыш  орталық  облыстағы 13 медициналық мекемені цифрлық жүйе арқылы біріктіреді. Олар: Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Сарқан, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Талдықорғандағы №1  және №2 қалалық емхана, облыстық онкологиялық орталық пен облыстық аурухана.  Мұнда  компьютерлік диагностика, магниттік-резонанстық томография, рентген,  маммография  сынды аппараттардың  түсіріліміне  радиологиялық зерттеулер жүргізіледі.  Кейбір  ауданда  радиолог-маман жоқ.   Олар  рентген аппаратына түскен суретті аталмыш орталыққа   жібере салса  «ақылды» қондырғы  кеселдің ағзада бар-жоғын бірден анықтап береді. Адам көзі байқай алмайтын 1 миллиметрлік қатерлі ісікті   заманауи қондырғы көк дөңгелекпен дөңгелентіп сызып, көрсетіп береді.  Орталықтың ашылғанына  бір аптадай  ғана уақыт болса да аппарат 150 адамның  ағзасында  ауытқушылықтың, яғни, әртүрлі кеселдің  барын анықтапты. 

Орталықтың жұмысымен танысқан Алик Жатқамбайұлы  шетелдіктермен бірлесіп, аталмыш жобаны қолға алған «WDSOFT» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігінің мамандарына  ризашылығын білдірді.

***

Жетісу өлкесіне ресми іссапармен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында биыл іске қосылған «Сервистік әкімдік» ғимаратына барды. Ондағы мемлекеттік қызмет көрсететін бөлмелерді аралап, тұрғындардың пікіріне құлақ түрді.

Жаңа ғимаратта Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, білім беру, сәулет және қалақұрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қаратал ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы шоғырланған. Көпшілікке 41 мемлекеттік қызмет көрсететін «Сервистік әкімдік» арқылы тұрғындар қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан ала алады. Ғимаратты аралап көріп, ондағы бөлімдердің жұмысымен танысқан Алик Жатқамбайұлы:

– Мына жерде кімнің қалай жұмыс істеп жатқаны шыны қабырға арқылы бәріне айқын көрініп тұр. Бұл, алдымен, xалықпен етене жақын қызмет атқаруға жол ашады. Барлықтарыңызға алғыс айтамын, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Аталмыш ғимаратта жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда ыңғайлы орындықтар, кондиционер, суға арналған диспенсер мен ақпараттық теледидар орнатылған кең залда тұрғындар өзіне қажетті қызметті күте алады. Сондай-ақ, өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған бұрыштар қамтылған нысанда "Электронды үкімет" порталында жұмыс істеуді үйрететін сынып жұмыс істейді.

«Сервистік әкімдікпен» танысқаннан кейін агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Қаратал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті тұрғындармен кездесіп, мемлекетік қызмет ашықтық пен жариялылыққа негізделген жағдайда ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізетінін жан-жақты әңгімелеп, халық пен жергілікті билік арасындағы қарым-қатынас дұрыс жолға қойылғанда ғана кедергілерді жоюға болатынын атап өтті.

Мәди АЛЖАНБАЙ,

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ,

Мәулен ӘНЕРБАЙ