ЖЕМҚОРЛЫҚ Б.З.Д III-II МЫҢЖЫЛДЫҚТАРДА ДА БОЛҒАН

Уақыты: 27.12.2018
Оқылды: 1471
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінде өзекжарды мәселеге айналған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне ертеден білінбей кірген індет. Тамыры тереңде жатқан сыбайлас жемқорлық қауіпті әлеуметтік құбылыс болып табылады. Тарихқа үңілер болсақ, сыбайлас жемқорлық көне заманда да орын алған. Шумерлердің сына жазуында Шумер патшасы Урукагиннің өз «қызметтері» үшін сыйақы дәмететін соттар мен шенеуніктердің іс-әрекетін тыюға тырысқандығы айтылған. 

Біздің заманымызға дейінгі III-II мыңжылдықтарда Мысыр, Өзен аралығы, Үндістан, Қытай, Иудей халықтарының діни кітаптарында да жемқорлық туралы сөз бар. Ресей тарихындағы I Петрдің кезінде пара алғанды да, пара бергенді де жазалап, өлім жазасына кессе, одан кейін II Екатеринаның кезінде де заңға сұғанақтық жасаған адамды қатаң жазалаған. Ресейдің отарына айналғанша қазақ қоғамында жемқорлық етек алмаған. Көшпелі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесінде демократиялық билік бидің қолында болды. Ауыл арасында жанжалдасқан адамдар арадағы дауды шешу үшін сол ауылдағы қазақтың ғұрыптық заңына жүгінген. Ауылдағы жасы үлкен, әділ, шешен, айтқанын іске асыра алатын адамға жүгінген. Дау дұрыс шешілмесе дауласушы тарап басқа биге барған. Алайда билердің әділетсіз шешіміне шағым жасау өте сирек кездескен. Осылайша, түйіні қиын дауларды әділ шешкен бидің атағы елге жайылып, абыройы артып, «бидің билігі» деген сыйақы алатын. Кінәлі жақтың есебінен өндірілетін сыйақының мөлшері дауда өндірілетін мүліктің оннан бір бөлігіне тең болған. «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан», «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Төбе би де өзіміз, төре би де өзіміз. Қисық болса сөзіңіз, құрулы тұр тезіміз» деген мәтелдер – сөзіміздің айғағы.
Ресей империясын 1822 – 1891 жылдардағы Қазақстандағы жүргізілген реформалардың ең басты мақсаттарының бірі, қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік құрылымын ыдыратып, жойып жіберу болды. Қазақ жері мен Түркістанды әкімшілік басқару реформаларының жобасын жасау барысында Ресей Әскери министрі Д. Милютин басшылық еткен комиссия 1867 жылы 11 тамызда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқарудың уақытша Ережелері» деген құжат жасады. Дала комиссиясы жаңа болыстықтар мен ауылдардың әкімшілік жобасын дайындай отырып, дәстүрлі басқару институттарының саяси қауіпті жағдайын бір сәт те естен шығармады. «Орыс зерттеушісі А. Гейнс «Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқын өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату қажет», – деп жазды.
Ал 1867-1868 жылдардағы реформалардың (Уақытша Ережелердің) ең негізгі мақсаты – қазақ жерін Ресейдің өзге де аймақтарымен  қосып жіберу еді. Ол үшін қазақтарды  Ресейге бағынышты басқа ұлыстармен бірге басқарып, жергілікті атқамінерлердің ықпалын барынша әлсірету керек болды. Оларды биліктен аластату үшін рулық құрылысты біртіндеп жойып, орыстандырып, шоқындыру мақсат етілді. 1867 жылғы заңға сәйкес қазақтардың рулық құрылысын ыдырату мақсатында ірі руларды бір басшының қол астына берудің қауіптілігі ескеріліп, көшпелі тұрғындарды болыстықтар мен ауылдарға бөлу қарастырылды.
Нәтижесінде, 1868 жылы Сырдария облысы әскери губернаторының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – титулярлық кеңесші Е. Савенков, мүшелері – ротмистр Адеркас, сотник Герасимов, капитан Терейковский, ал аудармашысы прапорщик Сырттанов болды. Бірнеше ай ішінде комиссия ауылдарды аралап, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің күшті және нәзік тұстарын анықтап, тексеру қорытындысын басшыларға айтады. Жергілікті халық өкілдері мемлекеттік-әкімшілік басқарудың ең төменгі сатысына ғана жіберілді. Болыстықтарға ру аты берілгенмен, болыстықтар шаңырақ санына қарай жасақталды. Ал рудағы шаңырақ саны мен болыстықтағы шаңырақтың саны сай келмейтін. Яғни, бір рудың өз болыстығына «сыймай» қалған белгілі бір бөлігі мәжбүрлі түрде өзге рудан жасақталған болыстықтың құрамына кіргізілді. Бұл өз кезегінде болыстықтағы негізгі рудың аз атаға, көші-қон немесе суармалы жерлерді бөлу барысында және тағы басқа жағдайларда әлімжеттік жасауына кеңінен жол ашты. Болыс сайлауы кезінде сайлаушылар дауысын сатып алу немесе қоқан-лоққы жасау, бопсалау, уезд бастығына пара беру секілді толып жатқан заңсыз әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылды. Ал сайлау тағдырын сайлауға міндетті түрде қатысатын уезд бастығының пікірі шешті. Әдетте, пара, сый-сияпат алған уезд бастығы мен үміткерлердің ым-жымы бір болды. Ендігі жерде, өз әділдігі, көрегендігі, шешендігі және тағы да басқа асыл қасиеттерімен ерекшеленген адамды «шар тастап сайлау» әдісімен сайлаған. Осылайша мыңдаған жыл бойы қазақ халқының әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірін реттеп келген билер институтына күйрете соққы берілді.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жеріне қоныстана бастаған ресейлік келімсектердің маскүнемдік, парақорлық, жағымпаздық, жағымсыз әдет-ғұрыптарын қазақ халқы да бойларына сіңіре бастады. 1868-70 жылдардағы болыс-старшын сайлауларында ел алдында өз ақыл-парасаты және  шешендігімен бедел жинаған адамдар жеңіске жетті. Бірақ, қағілез көшпенділер орыс өркениетімен ілесе келген орыс етігін кию, шарап ішу және құмар ойнауды ғана емес, «шар тастау» арқылы дауыс беру барысындағы сайлау әдістерін де тез меңгеріп алды. 
Дереккөздерінен алынған мәлімет бойынша, 1890 жылдары болыстық орын үшін берілетін пара мөлшері 9000 сомға жетті. Ал  Түркістан өлкесін тексеру үшін Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған Әскери министрліктің 1906 жылы «Түркістан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаждықтары туралы жазбаларында» көшпенділер арасындағы болыс, старшын, би сайлаулары туралы былай дейді: «Сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына 40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. Сайлаушыларды сатып алу жүйесі кең етек алды». 
«Болды да партия, ел іші бүлінді...», «Қалың елім – қазағым», – деп ұлы Абайдың күңіренетіні осы кез. Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шығынның барлығын қара халықтың мойнына салды. Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, пара беріп, екі жақты жем болу көбейді. 
Кеңес билігі тұсында Сталиннің жүргізген қатаң репрессиялық шаралары арқасында жемқорлық түбегейлі жойылып кетпегенмен аздап саябырсыды. Л. Брежнев басшылықта болған, тарихқа «Тоқырау жылдары» деген атпен кірген кезеңде жемқорлық өрши түсті. Тіпті, оны ату жазасы да тоқтата алмады.
Өкінішке қарай, барлық әлем елдері сияқты сыбайлас жемқорлық Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ. Қылмыстың бұл түрі біздің қоғамымыздың да барлық саласында көрініс табуда. Дегенмен, қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. 
Елімізде  2015 жылдың 15 қарашасында  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны баршаға мәлім. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адам заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни,  жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе Елбасы назарында. Елбасы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді. Сондықтан  онымен күрес жүргізу – жалпы ұлттық міндет», – деген болатын. Президент Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігі атап көрсетілді. 
Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да, жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болуы керек.  
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркім аулақ болғаны жөн. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға  тартылады. Олардың қоғамды ластауына жол берілмеуі тиіс.

Динара Суатаева,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің  ғылыми қызметкері