ЖАҢА ӨЗГЕРІС: КЕШКЕ МЕКЕМЕ КОМПЬЮТЕРЛЕРІ ӨШЕДІ

Уақыты: 17.01.2019
Оқылды: 1146
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесіне ағымдағы жылы бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат БЕЙСЕНҚҰЛОВА өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Бүгінде мемлекеттік қызметкерді қызметке қабылдауда үш сатылы іріктеу жобасы оң нәтиже беріп, жүйе айтарлықтай жақсарғандығын жеткізген Ләззат Мұқатайқызы:

 – Алматы облысы бойынша 2018 жылы сынақты 5 мыңнан астам үміткер тапсырды. Оның 51 пайызы қажетті балл жинады. Құқық қорғау қызметіне тест тапсырған 2 мың үміткердің нәтижесі 51,6% пайызды құрады. Сондай-ақ, қаңтар айынан бастап қызметкерлердің 8 сағаттық жұмыс күнін сақтауын қадағалай бастадық. Жұмыс уақыты  аяқталғаннан кейін сағат 18.30-да барлық ақпараттық жүйе мен компьютерлер өшірілуде, – дей келе, енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Ағымдағы жылы сынақтан өтушілер шекті балды жинап қана қоймай, психометриялық есептер мен ситуациялық кейстен өткендігін растайтын сертификат алулары қажет. Сондай-ақ, басшылық лауазымға үміткерлер қосымша стратегиялық ойлану мен көшбасшылық қабілеттері бойынша тестілеуден өтпек.

Департамент басшысының орынбасары цифрлық жүйенің енгізілуіне байланысты құжат тапсыру рәсімінің де оңтайландырылғанын мәлімдеді. Яғни, осыған дейін қағаз данасын тапсыру міндеттелсе, енді құжаттар мемлекеттік мекемелерге тек электронды жүйе арқылы өткізілетін болды. Ал ақпанның 1-інен бастап тестілеу сертификаты электронды форматқа көшіріліп, мемлекеттік мекеменің кадр қызметі үміткерлердің тестілеуден және құзыреттілігін бағалаудан өткендігі туралы мәліметті «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінен ала алады.

Одан бөлек, Л. Бейсенқұлова мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында облыстық деңгейдегі бас маман лауазымына үміткерлердің жоғары білімі болса, еңбек өтілі талап етілмейтіндігін жеткізді.

Брифинг соңында қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, толыққанды жауап алынды.

Еңлік ҚАБДЕШ