МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ӨЗГЕРДІ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 1262
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен Журналистер үйінде өткен брифингте облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Раманхан Төрегелдиев «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулер жайлы айтып берді. Оның айтуынша, өзгертілген заң нормалары негізінен мемлекеттік сатып алуларды жеңілдетуге, байқаулардың әділ, уақытылы және сапалы өткізілуіне мүмкіндік береді.

Расында, осыған дейін мемлекеттік сатып алу аясында түрлі қиындықтар болып келгені анық. Оның дені қызмет барысындағы қағазбастылық пен ашықтыққа қатысты еді. Енді мемлекеттік сатып алу веб-портал арқылы жүзеге асырылады. Қызметтердің құны мен тарифтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылып, байқаудың әділ әрі дұрыс өтуіне кепілдік береді. Сондай-ақ, осыған дейін мемлекеттік сатып алуды түрлі әдіс-тәсіл арқылы табыс көзіне айналдырып, тендрді ұтып алуға барын салатын кәсіпкерлер де аз болмапты. Заңға енгізілген түзетулер алдымен осындайлардың жолына тосқауыл қоймақ. Осы арқылы тапсырыс берушінің не байқау ұйымдастырушының сапалы тауарға, қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Түзетулерге сәйкес, енді  баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуларда (сатып алуларда 1000 АЕК дейін немесе 2525000 теңгеге дейін) тапсырыс берушілерге тауарлардың фирмалық атауын көрсетуге құқық берілген. Бұл тапсырыс берушілерге неғұрлым сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметтерді сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылыпты. Тіпті, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын веб-порталда уақытылы орналастырмағаны, жылдық жоспарды бюджетке сәйкес келмейтін көлемде бекіткені үшін бірінші басшы әкімшілік жауапқа тартылады. Сонымен қатар, комиссия мүшелері өтінімдерді қарамағаны, алдын ала рұқсат беру және қорытынды хаттамасын уақытылы орналастырмағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік арқалайды.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын сатып алуға қатысушылар келісімшартқа отыру үшін бағаны негізсіз төмендету салдарынан шарттық міндеттемесін орындамау мәселелері орын алып келген. Енді өзгертілген заң бойынша бұл келеңсіздікті жоюдың жолдары толық қарастырылады. Бұдан бөлек, заңға мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бөлігінде де көптеген түзетулер енгізілген.

Қажет АНДАС

"Жетісу"