АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 463 ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 19.01.2019
Оқылды: 1033
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

   Облыс әкімдігінің үлкен залында облыстық полиция департаментінің былтырғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы бойынша жедел кеңес өтіп, өңірдегі қылмыстың, заң бұзушылықтың көрсеткіші баяндалды. Облыс әкімі Амандық Баталов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан, қала әкімдері, аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің басшылары қатысқан алқалы жиынды облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов ашып, жүргізіп отырды.

 

   Жетісу жеріндегі тәртіп бұзушылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша баяндама жасаған полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың айтуынша, өткен жылы көптеген жұмыс атқарылып, жүздеген қылмыс ашылса, мыңдаған қылмыскер құрықталып, қылмыстық топтардың әрекеті әшкереленген. Аса ауыр қылмыс деңгейі 13%-ға төмендесе, ауыр қылмыс көрсеткіші 10%-ға азайған. Зорлық, қарақшылық, ұрлық, пәтер тонау, бұзақылық сынды қылмыстардың да саны азайған. 
    Былтыр орын алған қылмыстың құқықбұзушылықтардың басым бөлігі Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Жамбыл аудандарында орын алған. Осы аудандарға бүкіл облыста жасалған қылмыстың 60%-ы тиесілі. Аса ауыр қылмыстың ашылу көрсеткіші 92,9%-ға және ауыр қылмыстың ашылу деңгейі 66,4%-ға жеткен. Осыған байланысты Жамбыл ауданында 3 адамның өмірін қиған қылмыскер ұсталса, Іле, Еңбекшіқазақ, Көксу аудандарында кісі өлтіргендер құрықталды. Одан бөлек, Қаратал ауданында зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған 3 қылмыскер қолған түскен. Ертеректе жасалған 3 мыңға жуық қылмыс ашылып, 2430 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу органдары 5333 қылмыстық істі сотқа жолдады. Дегенмен пәтер тонау, мал ұрлығы, қалта қағу сынды қылмыс толастамай тұр. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске қосып, жедел шаралар өткізуді жолға қойып отыр. Ондай шаралардың қатарында «Мал ұрлығы», «Пәтер», «Мобильді телефон» секілді шұғыл-іздестіру шаралары бар. Соның нәтижесі бойынша 6 жарым мыңнан астам ұрлық ашылып, пәтер тонаумен, мал ұрлығымен, қалта үптеумен айналысқан 463 қылмыстық топ тұтқындалды. Сондай-ақ, іздеу жарияланған 591 қылмыскердің 383-і ұсталған. Олардың 67-сі аса ауыр және ауыр қылмыс жасаған. Ұсталғандардың арасында шетелде жасырынып жүргендер де бар. Мысалы, былтыр Испания полициясының көмегімен Канар аралдарында тығылып жатқан Ким Дже Хо есімді азамат ұсталды. Оған Талдықорған қаласының полиция басқармасы жасаған алаяқтығы үшін іздеу жариялаған болатын. Ал, Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі іздеу жариялаған Азамат Тұрсынов есімді Қырғыз Республикасының азаматы Бішкек қаласында құрықталған. Ол 2011 жылы ақпан айында біздің елімізде адам денсаулығына зор нұқсан келтіретін қылмыс жасаған. Осындай жұмыстардың қатарында есірткі таралымының жолын кесу, экстремизмнің алдын алу, қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол-көлік оқиғаларын болдырмау сияқты аса маңызды бағыттар бар. 
   Тәртіп сақшыларына бар жақсылық жасалып, қажетті техникамен қамтамасыз етілетінін ерекше атап өткен Мұрат Жәлелұлы облыс әкімдігі тарапынан жасалып отырған қолдауға ризашылық білдіріп, учаскелік полиция бекеттерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне рахмет айтты. Облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға студенттік «Жалын» отряды көмек беретіндігін, Іле ауданының орталығы Өтеген кенті мен Талдықорған қаласындағы мектептерде 5 кадет сыныптары ашылғанын тілге тиек еткен баяндамашы өңірдің барлық аудандары мен қалаларында бейнебақылау камералары орнатылып, полиция қызметкерлері соңғы үлгідегі планшеттермен қамтамасыз етілгенін ерекше атап өтті. Қысқасы, тәртіп сақшыларына бар жағдай жасалып, сапалы жұмыс жасауға мүмкіндік ұсынылып отыр.
   Одан соң мінберге кезекпен көтерілген Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа мен Қапшағай қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Эльдар Әбдікенов атқарылған жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Облыс әкімі Амандық Баталов жедел кеңесте баяндалған мәліметтерді жақсарту керектігін, Жетісу жеріндегі қылмыстың санын азайту қажеттігін тәртіп сақшыларына ескертіп, құқық қорғау саласының қозғаушы күші – полиция қызметкерлерінің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс екендігін атап өтті.
   – Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: құқық қорғау органдарының жұмысында терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін атап өтіп, қоғам тарапынан сенімділік деңгейі мен халықтың қауіпсіздікті сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі параметрлері болуы тиіс», – деген болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасының Үкіметіне Президент Әкімшілігімен бірлесіп ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жол картасын қабылдау тапсырылған болатын, – деп сөз бастаған облыс әкімі бірқатар кемшіліктерді түзету керектігін ескертті. Атап айтқанда, қылмыс көрсеткіш бойынша республикада үшінші орында тұрған Алматы облысының көрсеткішін жақсартуды, сыртқы келбеті сапасыз салынған учаскелік полиция бекеттерінің құрылысын қабылдамауды, жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін «Крис-П» секілді жылжымалы бейнебақылау камераларын қауіпті аймақтарға орнатуды тапсырды және оған жауапты мамандардың әлеуметтік желіге бейнеролик салып, тәртіп сақшыларын қаралауды мақсат еткен жандарға лайықты жауап қайтарып, біліктілігін көрсетуі тиіс екендігіне тоқталды. Өйткені, қажетті автотранспортпен, жаңа технологиямен, бейнекамераларымен жабдықталған полиция қызметкерлері өз міндетіне немқұрайлы қарамауы керек. Сонда ғана қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, түрлі заңбұзушылықтың алдын алуға болады. Одан бөлек, Мемлекет басшысының цифрландыру бағытындағы тапсырмасына сәйкес Райымбек, Кеген аудандарына бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін ескерткен Амандық Ғаббасұлы Алматы – Шелек бағытындағы күрежолдың бойындағы ауылдарды жарықтандыру мүлде жоқтығын ескертіп, жауапты мамандарға тапсырма берді. Атап айтқанда, облыстық полиция департаментінің басшысына, аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің басшыларына, учаскелік инспекторларға қылмыстың алдын алуға қатысты шараларды көптеп өткізіп, қылмыстың ашылу деңгейін арттыруды, қоғамда заңбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын түсіндіретін шараларды тұрақты өткізуді, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстарға апаруы мүмкін құқықбұзушылықтарды мерзімінде тоқтатуды, «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның филиалымен, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары Комитетіне қарасты «Қазавтожол» РМК, облыстық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасымен, аудандар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының деңгейін азайту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті тиімді шаралар қабылдау, облыстық білім басқармасы мен аудан, қала әкімдерімен бірге ювеналды полицияның, мектеп инспекторларының жұмысын жандандыру, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен және аудан, қала әкімдерімен бірлесіп жазасын өтеп шыққан азаматтарды және пробация есебінде тұрған жандардың әлеуметтік бейімделуіне қажетті шаралар қабылдау, аудан, қала әкімдерімен және мемлекеттік органдармен бірге Қазақстан Республикасындағы құқықбұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған Кешенді жобасын тиімді жүзеге асыру қажеттігін еске салды.
  Жиын соңында өз ісіне адалдық танытып, жемісті еңбегімен қылмыстың ашылуына үлес қосқан мамандар мен бөлімдер облыс әкімінің және облыстық полиция департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.