ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕ ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ІЗДЕЛДІ

Уақыты: 23.01.2019
Оқылды: 1275
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері Панфилов ауданының 37 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталған жалған терроризмнің тағы бір дерегін анықтады. Оқиға Панфилов ауданында тіркелді.

«102» арнасына Көктал ауылының әкімдігі мен жергілікті учаскелік пунктіне жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлаған белгісіз ер адамның қоңырауы түсті. Аталған елді мекенге аудандық полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қажетті құрамы тартылды. Ауыл әкімдігі мен полиция пунктіне жақын орналасқан алты үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. "Шақырылған саперлар аталған нысандарды толығымен қарап, ешқандай жарылғыш зат таппады",- деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Екі күн ішінде тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті 37 жастағы азаматты ұстады. Қазіргі уақытта күдікті азамат Панфилов ауданы полициясының уақытша ұстау камерасына қамаққа алынды. «Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің неге мұндай қылмысқа барғаны анықталатын болады», - деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Алматы облысы аумағында осындай оқиғалар Қарасай және Панфилов аудандарында тіркеліп, тәртіп сақшылары күдіктілерді анықтаған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"