ЕРДЕННІҢ ЕРЛІГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСЫН

Уақыты: 27.01.2019
Оқылды: 1063
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жаркентте шекарашы Ерден НҰРАҚЫНОВ өртенген балабақшадан бүлдіршіндерді құтқарып қалды. Алайда оның ерлігі жайлы бір апта өткен соң ғана белгілі болып, әлеуметтік желілерде талқылана бастаған. Бұл туралы «Қазақпарат» хабарлады.

Бұған дейін ақпарат құралдары арқылы Жаркентте балабақша өртенгені туралы хабар тараған еді. «Қорғас» шекаралық бақылау бөліміне қарасты «Нұрлы жол» бөлімшесінің 23 жастағы әскери қызметшісі  Ерден Нұрақынов өрт кезінде ерен ерлік көрсетті. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаркент қаласы, Пушкин көшесіндегі жеке үйде орналасқан балабақшада кешкі уақытта  өрт шыққан. Отқа оранған ғимаратта балабақшаның тәрбиешілері, балалар мен ата-аналары болған.

– Жақын маңнан өтіп бара жатқан Ерден Нұрақынов балабақшадан шыққан өртті байқап, бірден бүлдіршіндерді құтқаруға ұмтылады. Ол ең бірінші кезекте ас бөлмеге кіріп, үлкен газ баллонын сыртқа шығарып үлгереді. Сосын ғимаратқа қайта кіріп, алдымен электр трансформаторын ажыратып, жалын шарпыған бөлмелерден балаларды алып шығуға жанталаса жүгіреді. Тілсіз жау өртке қарсы бөлімшенің күшімен жарты сағаттан соң сөндірілді. 79 адам өрттен құтқарылды, оның 59-ы балалар, – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері.

Ерден Нұрақыновтың өзі болса бұл әрекетін ерлік деп санамайды. «Мұндай оқиғаға тап болған кез келген адам осындай қадам жасар еді», – дейді ол. Осы оқиғадан бірнеше күн өткеннен кейін балабақша қызметкерлері мен ата-аналар «Instagram», «Whatsapp» әлеуметтік желілері арқылы Ерден атты шекарашыға алғыстарын жаудырды. Жалынға қарсы жантала жүгірген Ерденнің ерлігін жергілікті тұрғындар ескерусіз қалмаса екен дейді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Панфилов ауданы