"BMW" МІНГЕН БАРЫМТАШЫ

Уақыты: 31.01.2019
Оқылды: 1275
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері мал ұрлығын кәсіп қылған барымташылар тобы мен ұрланған малды сатып алушыларды ұстады. Қылмыстық топтың құрамында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім де бар.

Төрт ауылдас жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында бас қосып, ұзақ уақыт бойы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан.

Тексеру барысында сатып алушылардың қорасынан ұрланған малдың жартысы табылды.

- Табылған мал заңды иелеріне қайтарылды. Полиция қызметкерлері өзге де жоғалған малды іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Төрт күдіктінің екеуі уақытша ұстау оқшаулағышқа қамаққа алынды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен табылған малды сатып алушылар да ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабының талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

2018 жылғы мамырдан биылғы қаңтарға дейінгі кезеңде Еңбекшіқазақ ауданындағы 86 бас мал қолды болған. Сегіз ұрлық дерегіне осы қылмыстық топ мүшелерінің қатысы бар екені дәлелденді. Ұрлық бойынша зардап шеккен, негізінен, Сөгеті ауылы тұрғындарының материалдық шығындары бірнеше миллионды құрап отыр.

Күдіктілердің бірі өз сөзінде ұрланған малды сатып, оның қаржысын оқуының төлемақысына бергенін айтты. Екіншісі "BMW" маркалы автокөлігін сатып алғанын мойындады. Аталған көлік тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктілердің өңірдегі өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"