АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ АЖАЛ ҚҰШТЫРДЫ

Уақыты: 31.01.2019
Оқылды: 1390
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Аса қатыгездікпен ажал құшқан 37 жастағы әйелдің өліміне қатысты күдікті қолға түсті. Тергеу барысында 45 жастағы азаматтың зардап шегушімен азаматтық некеде тұрғаны анықталды.

Ақпаратқа сәйкес оқиға Қарасай ауданында орын алған. 26 қаңтар күні Жаңатұрмыс ауылындағы үйлердің бірінде пышақ жарақатын алған үй иесінің мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Жәбірленушінің бет-әлпетіне пышақ жарақаттары салынған.

- Қазіргі уақытта ұсталған күдікті Қарасай ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнынан асүй пышағы табылды. Тәркіленген пышақ айғақзат ретінде тергеу материалдарына тіркелді, - деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыс ерлі-зайыптылардың алкогольдік ішімдікті бірігіп қабылдау нәтижесінде туған жанжал кезінде жасалған. Күдікті бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"