ЖАҢА ЗАҢ СОТ ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 1579
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Соған орай облыстық соттың мәжіліс залында «дөңгелек үстел» өтті.

Жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мемлекеттік және жеке сот орындаушылар, судьялар, облыстық басқармалар, нотариустар, адвокаттар, банк өкілдері, кәсіподақ ұйымдары және тұрғын үй-коммуналдық сала қызметшілері қатысты. «Дөңгелек үстелді» бейнеконференция арқылы аудандық соттардың төрағалары мен жоғарыда аталған органдар, мекемелердің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері тамашалады.

Облыстық соттың азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағалары Қалдарбек Досымбет пен Советхан Сәкенов Елбасы қол қойған Заңның маңызды аспектілеріне тоқталды. Бұл Заң Елбасының 2017 жылдың 31 қаңтары мен 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауын іске асыруға бағытталған. Заң шеңберінде 42 заңнамалық актіге, осның ішінде 11 кодекске түзетулер енгізу көзделген. Меншік құқығы, арбитраж институты, сот жүктемесін оңтайландыру мен экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге қатысты түзетулер қарастырылған.

- Сот жұмысын оңтайландыру жайы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген. Сот реформасын жүргізу барысында талассыз даулар болады. Оларды шешу үшін сот бұйрықтары шығарылып, баж салығы төленеді. Сотқа нотариустық келісімшарт бойынша қарыздар көп келеді. Соның барлығы сот жұмысын ауырлатады. Сондықтан, талассыз дауларды шешу үшін нотариусқа, прокуратура орындарына, сот орындаушыларына беріп жатыр. Сөйтіп, сотқа қазір екі-ақ санкция қалдырылды, – деген облыстық сот судьясы Арыстанбек Ыстыбаев Заңға енген өзгерістер мен толықтырулардың артықшылығын сөз етті.

Басқосу барысында мүлікті тәркілеуде меншік құқығын қорғау, мемлекет қажеттіліктері үшін жер учаскесін алып қою кезінде баламалы өтемақының өтелуі, банктік заем шарты тараптарының мүліктік құқықтарын қамтамасыз ету, салықтық және экономикалық қылмыстық құқықбұзушылықтарды ізгілендіру мен сот жүктемесін оңтайландыру тақырыптарына судьялар баяндама оқыды.

Шара соңында облыстық сот пен облыстық әділет департаменті арасында өзара ынтымақтастық пен міндетті және уақытылы сот актілерінің орындалуы туралы меморандумға қол қойылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,

«Жетісу»