КІТАП ОҚИТЫН КУРСАНТ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 1228
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Құрлық әскерлері әскери институтында төртінші курсант батальонында жанымен де, тәнімен де спортқа берілген жан бар. Ол - Дархан Унайгалиев.

Дархан 1997 жылы Орал қаласында өмірге келген. Аталмыш қаланың №4 орта мектебінде білім алған. Жеті жасынан спортты серік еткен. Әкесі Қамбар баласының бастамаларына әрқашан қолдау көрсетіп, ұлының жеңістеріне шынайы қуана да, қолдау көрсете де білген.

Дархан мектеп қабырғасында жүріп су полосын игереді. Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанты атанған соң да спортты тастамай, одан ары қарай шұғылданады. Институт қабырғасында курсант Унайгалиев бапкер, подполковник Асан Нартаевтың қол астында офицерлік үш сайыс бойынша жаттыға бастайды. Өзінің еңбекқорлығымен, күш-жігерінің арқасында 2016 жылы курсант Дархан Унайгалиев Қазақстан Республикасы Қарулы күштері спартакиадасы шеңберінде әскери үш сайысынан күміс медалін жеңіп алды. Қазіргі күні болашақ офицер Дархан Унайгалиев жүзуден және су полосынан I разрядтық спортшы, сонымен қатар, әскери үш сайысынан спорт шеберіне үміткер.

- «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, спорт адам баласына қашанда пайдалы. Спорт – мінез-құлықты, ерік пен жігерді шыңдайды. Осы спорттың арқасында мен әскери курсанттық өмірге тез дағдыландым, қиналмадым. Маған кішкене кезімнен әкем: «Жүрегің қалаған іске алтын уақытың мен күш-жігеріңді ешқашан аяма, сол істің биіктігіне қарамай, шыңын бағындыруға тырыс деп үйрететін. Мен балалық шағымнан алдыма қойған мақсатыма жетуім үшін ешқашан аянбаймын, - дейді Дархан.

Курсант Унайгалиев спортта ғана емес, оқуда да үздіктер қатарында. Ол болашақ десанттық-шабылдаушы әскерлерінің офицері. Бүгінде Дархан болашақ мамандығының қыр-сырын зерттеп, ізденіс пен талпынысты ту етіп келе жатқан жан әрі жүрген жерінде ұжымының ұйытқысы бола білген көшбасшы.

Аида БЕКТҰРОВА,

Құрлық әскерлері әскери институтының баспасөз қызметкері

Фото - автор