АЛАЯҚТЫҚ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН АБАҚТЫҒА ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1233
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Алматы қаласының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 26 жастағы ер адам бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен бір жылдан астам уақыт іздеуде болған.

Ақыры, 2018 жылдың қыркүйек айында құрықталған. Анықталған факт бойынша тергеу амалдарын облыстық тергеу басқармасы жүргізді. Алаяқтан зардап шеккендерге келтірілген шығын 23 миллион теңгені құрады.

«Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы 1993 жылы туған Әлішер Қалмақұмбетов өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушілерге олардың туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен босатамын деп уәде берген. Олардан ірі көлемде сыйақы алып отырған. 2017 жылы ол бірнеше рет алаяқтық жасаған, яғни, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ұрлағаны анықталды. Жәбірленуші ретінде тергеу амалдары кезінде үш жергілікті тұрғын сөз сөйледі. Сот процесі барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады», - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, сотталушы таяудағы бес жылын жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"