ПАРА АЛҒАНДАР СӨЗСІЗ ҰСТАЛАДЫ

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1167
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Журналистер үйінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев жастармен кездесу өткізді. Оған қаладағы белсенді, бәсекеге қабілетті, білімді де талантты жастар жиналды.

Департамент басшысы бірінші кезекте жастарға ҚР Президенті Жолдауының негізгі басымдықтары мен жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірді. Кездесу барысында Серікбай Өрікбайұлы өзінің еңбек жолында төккен тері мен атқарған қызметі жайында баяндай отырып, жастарды жігерлендіріп, мемлекеттік қызметтің қиындығы мен жауапкершілігі жөнінде тарқатып айтып берді. Сөз барысында жастарға мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктің молдығын тілге тиек етіп:

Шекара нақтыланды, әскер бар, білім бар, «тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылатын» мына заманда «Өскелең ұрпақты неден сақтау керек?» деген сауал тұр. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, ұлтымызға, мемлекетімізге түсетін ең үлкен қауіп – ол сыбайлас жемқорлық. Сондықтан, бұл қылмыстан бойларыңды таза ұстаңдар! Бүгін пара алдың ба, ертең сені біреу сөзсіз ұстап береді. Ал егер жұмыс орнына өз талпынысыңмен, біліміңмен, адал еңбегіңмен баратын болсаң, әлеуетің мықты әрі бәсекеге қабілетті боласың, – деп жастарға өмірлік кеңес берді. Осы мақсатта ұйымдастырылып жатқан бірқатар іс-шараны да атап өткен ол қазіргі таңда департамент білім ордаларында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жобалары қолға алынғанын әңгімеледі.

– Жастар жылы дегенде нақты жобамен бару керек, қабілет-қарымыңды көрсету керек. Елбасының жасап жатқан қамқорлық ешбір елде жоқ. Қандай дамушы елді алсаң да, 20, 50 жылдан кейін мемлекет қандай деңгейде болатынын дөп басып айтатын дәл біздікіндей жоба кездестірмейсің. Сіздер осындай билікті қолдарыңа алуға дайынсыңдар ма? – деп негізгі сауалды қоя отырып, С.Нұрғисаев мемлекеттік қызметке іріктеу саласында қабылданған жаңа өзгерістермен таныстырды.

Департамент басшысы жастардың ел Президенті қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Шара соңында қатысушылардың әрқайсысы көкейіндегі сұрақтарын қойып, кездесуге жоғары баға берді.

Әсем ЖҰМАҚАН