ПӘТЕР ТОНАҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚОЛҒА ТҮСТІ (ВИДЕО)

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1121
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласында қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы шара өтті. Нәтижесі қалай дейсіздер ғой? Жалдамалы баспанадан пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам қолға түсті.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің айтуынша, қылмыстық топ құрамындағы үш азамат та бұған дейін осындай жымысқы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Олардың барлығы Қаратал ауданының тұрғындары. Күдіктілердің тұрғылықты жерінен бұған дейін қолды болған фотоаппарат, компьютерлік техника және зергерлік бұйымдар табылды.

Қазір күдіктілер қалалық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Қылмыстық топқа осы жылы облыс орталығында орын алған бірнеше ұрлыққа қатысы бар деген айып тағылып отыр. Қазір олардың үш пәтер ұрлығы мен бір кісі тонау дерегіне қатысты қылмыстары дәлелденді.

Күдіктілердің осыған ұқсас сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Анықталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 191-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"