АҢЫЗ ҚАРИЯ

Уақыты: 24.02.2019
Оқылды: 1520
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Қырық жылға таяу ішкі істер саласында қызмет етіп, адалдықтан, адами болмыстан айнымай, қазақы мінез-құлқын бұзбай өмір сүрген бір адам болса, ол – біздің Рекең. Жасыратын ештеңе жоқ, органда қызмет еткендер өзгереміз. Ал өзгермей өмір сүру ол салада өте қиын. Мұны мен бастан өткізген соң айтып тұрмын», – деді қаралы жиынға келген құдамның бір әріптесі. Оның осы шын сөзі мені қатты толғандырды. Шынында да, өмірде өзгермеу, кісілік кейпіңнен кейін кетпеу – үлкен өнер. Өнер болғанда да, шебер өнер және ол екінің- бірінің қолынан келмейді.

Көкірегі күйдей күмбірлеген, қария деген киелі ұғымға әбден лайық, өзінің ізгі ниетімен ағайын-туысқа ақылын айтар абызы, ел-жұртының құрметіне бөленген дарқан жүректі, қазыналы қариямыз Рекең де өтті мына жалған дүниеден. 91 жасқа қараған шағында. Торқалы тоқсан жасқа толған тойыңызға інілік жылы лебізімді білдірем деп жүргенде, ата-бабалар кеткен мәңгілік өмірге аттанып кете бардыңыз. Міне, енді өзіңіз туралы сағынышқа толы естелік жазып отырмын, Райыс аға. Осыдан екі ай бұрын тетелес ініңіз Райымжан құдамыздың Санкт-Петербургтағы полковник ұлы Бекжан кенеттен қайтыс болып, көңіл айта барғанымда өзіңізді көре алмадым. Сәбит құдамнан сұрағанымда: «Әкей шаршаңқырап қалды, Айтқали ағамның үйінде», – деген соң, өзіңізді іздеп барып, көңіл қошымды білдірген едім. Асыққаныма қарамай: «Ой, Жұмеке, (балаларынан кіші болсам да, жарықтық, мені Жұмеке құдам деп құрметтеп өтті мына жалған дүниеден) келгенің қандай жақсы болды, ал енді сен асықпа. Өзіңмен ақылдасатын бір шаруа бар. Бауырларым, бала-шағам, немерелерім бар, Алла нәсіп етсе 90 жылдық торқалы тойымды жасап береміз деп отыр. Туған күнім 30 желтоқсан екенін өзің де білесің. 5 қаңтарға белгілеп жатыр-ау деймін. Айтайын дегенім, әлі есімде, 90 жылдық тойыңызда қазақтың мен деген дүлдүл әншілерін әкеліп, ән салдырамын дегенің. Сол уәде – уәде ме?», – деп сұраулы жүзбен қарадыңыз. «Алла қаласа, уәде орындалады» деп жауап қаттым. «Олай болса,  бір өті­ніш, менің жақсы көретін әнші балам бар Рамазан деген. Сол келер ме екен шақырсам». «Рамазан Стамғазиевті айтасыз ба?» «Иә!» «Онда оған өтінішіңізді жеткіземін, егер концерті, жиын-тойы болып қалмаса, сіздей абыз-аңыз қарияға қуана келісімін береді. Рамазан балаңызбен бірге күміс­көмей әнші-інілерім Еркінсал мен Нұржансалды да ерте келемін», – деп өзіңізді қуантып кетіп едім.
Бесінші қаңтарыңыз да жақындады, өзіңізден хабар жоқ. Сол екі ортада Сәбит құдамнан «әкем қайтыс болды» деген қаралы хабар жетті. Өзіңізбен қоштасуға барғанымда тойдан неге бас тартқаныңызды естідім ғой: «Арыстай балам қайтыс болып жатқанда той жасап жатқаным әбестік болар, рахмет айналайындар, тойды доғарыңдар», – деген екенсіз.
Парасат-пайымы басым қайран қариям! Тоқсаннан асып, ата-баба жолымен мәңгілік сапарға аттанып кет­кендердің арты той деп жататын еді көнекөз қариялар. Қайдан білейін, мүмкін солай да шығар. Жаназаңызға келген жұрт есік алдына сыймай кетті. Сіздің маған деген ерекше құрметіңізді ескерді ме екен, сүйекке түсуге мені де қосыпты. Оған Алла разы болсын. Басыңызды ұстап, су тигіздім. Сізге істеген соңғы қызметім мен құрметім сол болды, қадірлі Райыс аға. Жаназаңыздың алдында халықтың сұрауы бойынша қаралы жиын болып өтті. Өзіңіз туралы қан жылай тұрып еңбек жолыңызға шолу жасаған шәкіртіңіздің бірі: «Райыс аға, біздің қадірменді ұстазымыз әрі әкеміз. Ол бұрынғы Шелек ауданы, Қорам ауылында 1928 жылы 30 желтоқсанда дүниеге кел­ген. 1954 жылы Шелек аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Шелек аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасты. 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. 32 жыл қылмысты іздестіру бөлімінде қызмет атқарып, осы бөлімнің бастығы лауазымына көтерілді. Ерен еңбегінің арқасында Қызыл Жұлдыз  орденімен марапатталды. Шелек өңіріне сіңген еңбегін ескеріп, ел-жұрты «Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Бұл кісі «Құрметті азамат» де­ген атқа әбден лайық еді», – деп сөзін аяқ­тады.
Сіз ағайын-туысыңыздың, ел-жұртыңыз­дың ыстық ықыласына, басқа да ұлт өкілдерінің шынайы құрметіне бөленген жан еді­ңіз. Өзіңізді соңғы сапарға шығарып салар жаназаңызда, кезінде аяғын шалыс басып, істі болғандар да «батья» деп көз жастарына ерік беріп тұрды. Жақсы адам да жаттық жоқ деген осы болар, сірә. Өзіңізден бұрын келмес­тің кемесіне мініп кеткен Күләй құдағи еке­уі­ңізден 6 ұл 1 қыз өрбіген. Солардан 24 не­­мере, 26 шөбере сүйдіңіз. Бір қауым ел. Ата-бабамыздан қалған бір ғибратты тәмсіл бар: «Аталатсаң аталат, боталата көрме», – деген. Өмір, шіркін, сіздің маңдайыңызға боталатуды да жазды. Адамға бауыр еті баласынан айырылудан асқан қайғы бар ма мына жалған дүниеде?! Басқа түскен қасіреттен ес жия алмай, баласының қазасынан кейін қай­ғыдан қан жұтып, өмірден баз кешіп жатқан қаншама пенде бар?! Елдің ықыласына бөленіп жүрген ішкі істер қызметінің үздігі, өзіңіздің жолыңызды қуған полиция полковнигі Сапарғали мен қара шаңырағыңызды шайқалтпай, түтінін түзу ұшырып отырған Мұрат балаларыңыз боталатып кетті сізді. «Алла өзі берді, өзі алды. Аллаға қарсы тұрар шарам бар ма», – деп өзіңізге-өзіңіз басу айтып, оны да қабырғасы қайысқан кәтепті қара нардай көтере білдіңіз.
Сізді бауырларыңыз, балаларыңызбен бірге немерелеріңіз де қаздай тізіліп, «аталап» жоқтап тұрды. Тәубе дедім ішімнен. Еліне сыйлы үлкен кісілердің жасы келіп, ағайын-туысымен қайыр-қош айтысып кеткендердің қазасын «ақ өлім» дейтін көнекөз қариялар. Бәлкім, қазаның ақ-қарасы болмайтын да шығар. Дей тұрғанымен, қайтпас сапардың алдына бәрімен қайыр-қош айтысып, Райымжан ініңіздің үйіндегі келініз, сексенің сеңгіріне шыққан Айшақан құдағиға да өсиет айтып: «Енді әулеттің үлкені сенсің, балаларға бас-көз бол, ағайынның ынтымақты өмір сүруі енді сенің қолыңда», – деп  ақсақалдық ақ батаңызды беріп кеткен сіздің өліміңіз расында да «ақ өлім» болса керек. Артыңыздан ерген телқоңырыңыз Нұрахмет те өзіңізді жоқтай жүріп, қазаға ортақтаса келген ағайынды қал-қадірінше қарсы алып, разы қылып шығарып салып жүрді. Алатауды алты айналса да өзіңіздей әз-ағасын енді таппайтынын жасаураған көзінен байқауға да болады. Қонағасыңызды берген күні ата салты бойынша кешке қара шаңырағыңызда түннің бір уағына дейін өзіңізді еске алып, қожанасырлау қылықтарыңызды айтып әңгіме шертіп отырдық. Сөз арасында Нұрекең: «Е, Жұмеке, енді менің еркелігімді кім көтерер дейсің? Әке орнына әке, аға орнына аға болған, адыраңдап алдына келіп, көңіліне қаяу түсіретін сөз айтсам да, кешіретін қайран, асыл ағам-ай, айырылмастай көруші едім өзіңізді», – деп аһ ұра өзіңізді езіле еске алды.
Адам баласы өмірге текке келмейді. Әркімнің бір арқалайтын жүгі болады. Сіз сол жүкті абыроймен, адал ниетпен атқардыңыз, Райыс аға. Тіріңізде, бәлкім, оны сездіңіз, мүмкін сезбедіңіз. Ал құдандалы екеуміз ерекше сыйластықта болдық. Бір-бірімізді түсіндік. Ұғындық. Осыдан артық бақыт бар ма?!

Жұмабек ТАБЫН
Алматы қаласы