ӘСКЕРИЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫН СПОРТҚА БЕЙІМДЕЙДІ

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1004
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Б.Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің балаларына арналған қоян-қолтық ұрыстан спорт секциясы ашылды. Бұл өз кезегінде әкелерінің жолын қуғып, болашақ өмірлерін әскермен жалғастырғысы келетін жас жеткіншектер үшін қуанышты жаңалық.

Секция жетекшісі 4-құтқару рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лейтенант Олжас Ескендіров өз бағынысындағы сарбаздарға тәрбиелік білім берумен қатар спорттық құлшынысына ден қойып, оларға қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін де үйретіп тәжірибесімен бөлісуде. Жас сардар Олжас Ұлттық ұлан әскери институтын тәмамдаған білікті кадрлы офицер, өзі де спортқа жақын. Ұлттық ұлан институтының қабырғасында оқып жүріп, зерделі оқытушылардан тәлім алған ол бүгіндері жиған білімі мен жинақтаған мол тәжірибесін осылай қолдануды жөн көріпті. Өзі туралы ол:

- Мен мектепте оқып жүргенде әскери адам, оның ішінде, офицер болуды бала кезімнен армандадым, сол арманым орындалып, бүгін міне мемлекетіміздің элитасы саналатын Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүрмін. Мектепте жүргенде көптеген жастар қауымының, оның ішінде, өзімнің де спортқа деген құлшынысымыз зор болатын, алайда спорт секцияларының аздығына байланысты ондай секцияларға қатысу мүмкіндігі барлығына бірдей бұйыра бермеді. Сол жағдай үнемі көкейімнен шықпады. Соны іске асыру мақсатында биылғы Жастар жылында жас жеткіншектерге арналған қоян-қолтық ұрыстан спорт секциясын ашуды қолға алуды жөн көрдім, бұл бастамамды әскери бөлім қолбасшылығы да қолдады. Бүгін, міне, ынта танытқан балалар да секцияға жазылып келіп жатыр. Алдағы уақыттарда балалардың спорттық дағдыларын дамытып, оларды қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырымен қанықтыруға, шабуыл мен қорғаныс кезіндегі тәсілдерін меңгертуді өзіме мақсат тұттым. Осы мақсатым орындалса, болашақта бөлімде бұдан да ауқымды жастар клубын ашсам деген арманым бар, – деді.

Күні кеше ғана ашылған спорт секциясында жаттығып жүрген жас жеткіншектердің жанарларында от, кеудесін арман кернегендей. Кейбірі тіпті келмей жатып, «Олимпиада чемпионы боламын!» деп ұрандатып жүр. Бұл – арманның нақты мақсатқа айналғандығы. Ендеше тәрбиеленушілерінің арманын мақсатқа айналдыру үшін жас тәлімгер Олжас Ескендіровтің бастаған ісіне сәттілік тілейміз. Арман ешқашан адастырмайды.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ,

28237 әскери бөлімінің баспасөз қызметкері