ЖАРКЕНТТЕ ӘЛЕМ ЖАУЫНГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 16.03.2019
Оқылды: 1247
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстанның Қарулы Күштерінде «Әлем жауынгері» халықаралық байқауына қатысу үшін үздіктер таңдалды. Былтыр армиялық халықаралық ойындар жеті елде – Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қазақстан, Қытай және Ресейде өтіп, Отанымыздың әскерилері бірінші орын алған болатын. Байрақты бәсекеге іріктеу Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде де тартысты өтті. Үздіктердің шеберлігіне арнайы барып, өнерлеріне тәнті болып қайттық.

74261 әскери бөлімінің қызметшісі, сержант Дастан Әлімжанов әскери бөлім мен оқу-жаттығу полигонында өтіп жатқан сайысты аралатып, жеке-жеке таныстырды. Іріктеуге десанттық-шабуылдаушы бөлімдерінен сен тұр, мен атайын деген 150 әскери қызметші қатысты. Нәтижесінде олардың тек алтауы ғана республикалық іріктеуге жолдама алды. Байқау ережесіне сәйкес «Әлем жауынгері» сайысы «Атлет», «Кәсіпқой» әскери-кәсіби кезеңдерін, атыс даярлығы бойынша «Мерген» сайысын, «Кавалер» («Ханша») әдеби-көркем және би байқауын және әскери тарихты білу бойынша «Эрудит» сайысын қамтиды.
– «АрХО – 2019» армиялық халықаралық ойынында осындай іріктеулерден үздік шыққандар республиканың намысын қорғап, абыройын асқақтататын болады, – деген 74261 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы барлау ротасының сержанты Дастан Әбдіғалымұлы қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, біліктілігін көрсетіп жатқанын айтты. 
– Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын әскери қызметшілерді анықтау әділ өтті. Жеңіп шыққандар дайындықтарын одан әрі шыңдап, бұдан да күрделі тапсырмаларды орындауға дағдыланады. Отанымыздың қорғанына айналған армиямыздың бүгінгі болмысы алыс-жақын елдерді таңдандырып келеді. Оның айқын дәлелі – көптеген халықаралық додаларда топ жаруымыз.
Оқу-жаттығу полигонында атыс даярлығы бойынша «Мерген» сайысы қызу өтті. Құралайды көзге атқан мергендер қиындыққа қарамай нысананы дөп көздеп, бірінен-бірі асып түсті. Қорытындысы бойынша 61993 әскери бөлімінің қызметшісі, кіші сержант Рамазан Қадір мен 32363 әскери бөлімінің қызметшісі, сержант Нұрсұлтан Бақтораз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықты. Сонымен қатар, басқа да сайыстар бойынша 61993 әскери бөлімінен сержант Сабыржан Есенбай мен сержант Жолдас Сүгірәлиев үздік шықса, 12740 әскери бөлімінен ефрейтор Бағлан Талғатова мен 61993 әскери бөлімінен кіші сержант Перизат Бариева жолдама алды. Аталған әскери қызметшілер ендігі кезекте республикалық іріктеуде бақтарын сынап, жеңіп шыққандары халықаралық ойында өнер көрсетеді.
Жақында Мәскеуде «АрХО – 2019» ұйымдастыру мәселелері бойынша алғашқы жоспарлау конференциясы өткен болатын. Оған ҚР ҚК БШ жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев бастаған әскери делегация қатысып қайтты. «Патриот» саябағының конгрестік көрме орталығында өткен конференция жұмысына Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан әскери ведомстволарының делегациясы да қатысып, байқау кезеңдерін өткізу тәртібін пысықтап алды. Ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін, әскери және арнайы техникамен әскери эшелондардың шекараларды кесіп өту тәртібін, сондай-ақ, төрешілер комиссиясы туралы ережені талқылады. Бір айта кетерлігі, биыл бірқатар байқауды алғаш рет Үндістан, Моңғолия және Өзбекстан аумағында өткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылы «Әлем жауынгері» әскери-кәсіби шеберлік халықаралық байқауы тамыз айының басында Армения Республикасында өтеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Панфилов ауданы