ДЕСАНТШЫ ҚЫЗ

ДЕСАНТШЫ ҚЫЗ

Отан қорғап, шекара шебін күзету – абыройлы іс. Табиғаты нәзік әйел затының да елді жаудан қорғап, есімдерінің тарихта алтын әріппен жазылғанына куәміз. Сол ержүрек батырлардың ерлігін жалғастырушы қайсар қыздар бүгінде қазақ армиясында қызмет етіп жүр.

Майор Динара Смаилова бала кезінен тарихи жырлар мен қиссалардағы батыр әйелдердің рөлін ерекше сүйсініп оқып өскен. Сол кезден-ақ өмірін Отан қорғау саласына арнасам деген балалық арманына бет алды. Әскери қызметке шақырылуға ұсыныс түскенде бірден қуана келісуіне де сол жүрек түкпіріндегі бала арманы ықпал етсе керек. 
– Әскери өмір мен үшін таңсық еді әрі десантшы-шабуылдаушы болу үшін талап жоғары, физикалық, моральдық жай-күйің мықты болу керек. Әскери форма киіп, қолыма қару ұстап, ант қабылдағандағы алғашқы әсерім әлі күнге дейін көз алдымда. Патриоттық рухым, намыс-жігерім оттай жанып, әскер өміріне бірден етене араласып кеттім, – деп бастады сөзін Динара Қабылханқызы. 
– Әскери психолог болу – қызығымен қоса қиындығы қатар жүретін мамандық. Жеке құраммен, әскерге шақырылған сарбаздармен психологиялық жұмыс жүргізу, әрқайсысына талдау жасау, темпераментін анықтау, соған сәйкес тапсырма беру психологтің кәсібилігіне байланысты. Сондықтан, әр адамның жүрек түкпіріне үңіліп, ішкі түйсігін ұғынып, түсіне білу оңай емес.
Әскер сапына алынған жас сарбаздарды ортаға бейімдеу, ұжымның моральдық-психологиялық жай-күйін бақылау, әр әскери қызметшінің әлеуметтік-психологиялық жағдайын зерттеу сияқты тағы басқа көптеген міндеттер осы әскери психологтің мойнына жүктелген. Динараның айтуынша, адамның көңіл-күйін, тебіренісін ұғыну үшін әр адам сол жайтты бастан кешу керек. Сол себепті 800 метр биіктікті бағындырып, парашютпен секірген де екен.
– Парашютпен секіргелі тұрған әскери қызметшілермен жеке психологиялық жаттығулар жасап, олардың толқыныстарын басуға көмектесетінмін. Бір күні көк әлемін бағындырып, сол сәтті сезінсем деген ой келді. Әрі десантшы-шабуылдаушы әскерлер қатарында жүрген соң парашютпен секірмеу намысымды жанығандай болды. Бар күш-жігерімді бойға жинап, секірерден бір күн бұрын практикалық жаттығулармен айналыстым. Келесі күні 16 парашютшіні тиеген ұшақ әуеге көтерілді. Борттағы парашютшілердің ішінде тек мен ғана бірінші рет секірмек едім. Шегінерге жол жоқ. Адамның батылдығы мен қайсарлығын елеп-екшейтін, ішкі толқынысын таразыға салатын сәт дәл ұшақтан секірердің алдындағы секундтар екенін сол жерде аңғардым. Сондағы тебіренісімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын, – дейді кейіпкеріміз.
Бірер секунд бұрын ғана табанымен ұшақтың еденін нық басып тұрған адамның аспан әлеміне қойып кетіп, түпсіз тұңғиыққа құлдилап, белгісіздік құшағына енуін батырлық демей көріңіз. Одан кейін де парашютпен секіруі бірнеше рет қайталанса да сол қалпы сақталыпты. Динара үшін кино саласы да таңсық емес. Өзінің актерлік шеберлігін 2015 жылы жарыққа шыққан «Көк тарландары» атты отандық фильмде көрсетті. Сомдаған рөлі өзінің өмірдегі прототипі, яғни, психолог қызды ойнаған. Түсірілім алаңында камера алдында өзін еркін сезінгенін, актерлермен тез тіл табысып кеткенін айтады.
Динара Смаилова бүгінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде психолог болып әскери қызметін өткеріп келеді. Әскерге шақырылушылармен психологиялық жұмыстар жүргізіп, олардың мінез-құлқын анықтайды, қиын жағдайларда өзін қалай көрсететінін, қай салаға бейімділігіне талдау жасайды. Қысқасы, ұжымның психологиялық жай-күйіне жауапты. Қарапайым әйел мен әскери әйел болудың айырмашылығы жер мен көктей. 
– Бүгінде мен темірдей тәртіпке, қатаң талапқа, қару асынып, оқу-жаттығуларда ерлермен қатар сап түзеуге үйренгенмін. Күрделі сәттерде жылдам шешім қабылдап, кез келген жағдайда берілген бұйрықты орындауға әзірмін. Кәсіби және жауынгерлік шеберлігімді шыңдауда генерал-майор Алмас Жұмакеев, генерал-майор Дәулет Оспанов пен полковник Ринат Ахметовтың рөлі зор болды. Командирлеріме айтар алғысым шексіз. Әскери өмірде әлдебір жетістікке жеткен болсам, аталған жандардың тәрбие мектебі екенін әрқашан есіме алып жүремін, – деп аяқтады сөзін десантшы қыз. Біз де қайсар қыздың қызметіне сәттілік тілейміз.

Жанар ЕРЖАНҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз