ҮЗДІК АТҚЫШ

Уақыты: 16.03.2019
Оқылды: 1523
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттің мықтылығы қашанда әскеріне байланысты. Ел ұйқысының тыныштығына да солар жауапты. Сондықтан, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әрдайым әскери салаға жіті назар аударып, жыл сайын өтетін шерулерге тұрақты қатысып келді. Осы орайда өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін нығайту басты жолға қойылған. 

«Ақберен» рухани-патриоттық бетінің көздеген мақсаты да осы. Қазақ армиясының бүгінгі қал-ахуалымен қалың оқырманды таныстыру үшін алдымен Талдықорған қаласында орналасқан 18404 әскери бөліміне бас сұқтық. Бөлімнің оқу-жаттығу полигонында «Үздік атқыш» жарысы өтіп жатқанынан хабар алып, бірден сол жерге бет алдық. ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық Әскерлері десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұловтың бұйрығымен комиссия құрылып, бірнеше бөлімде аталмыш сайыс өткізіліп, тексеріс болды. Комиссия төрағасы, ҚР ҚК ҚӘ десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік басқармасы есеп бөлімінің бастығы, подполковник Дулат Акишевтің сөзінше, қай уақыт болмасын кез келген жайтқа әскери қызметші сақадай сай жүруі керек.
– Ең үздік мергенді анықтау арқылы үлкен мақсатты көздеп отырмыз. Әсіресе, жеке құрамның әскери дайындығын дамыту алдыңғы орында тұр. Оларға қаруды қолданудың шеберлігі мен жауапкершілігін сезіндіру – басты талап. Кезең-кезең бойынша сыннан өткізу арқылы үздік атқышты ғана емес, әскери бөлімді де анықтадық, – деді Дулат Жұмабекұлы. 
Сайыс бес кезеңнен тұрады. Біріншісі – атыс қаруын қалыпты ұрысқа келтіру, екіншісі – оқ ату бойынша 4 бақылау жаттығуын, үшінші – оқ ату бойынша 1 бақылау жаттығуын, төртінші – №12, 13, 15 атыс даярлығының нормативін орындау, соңғысы – ату ережесі негізіндегі теориялық білімді сынау. Комиссия құрамы осыған дейін Алматыдағы 61993, Қапшағай қаласындағы 32363, Сарыөзек кентіндегі 12740, Талдықорған қаласындағы 48386 әскери бөлімдерін аралап, 18404 әскери бөліміне табан тірепті. Қиындыққа қарамай мергендер барлық күш-жігерін сарп етіп, жинаған тәжірибелерін шебер көрсете білді.
– Біздің оқу-жаттығу полигонымызға комиссия мүшелері келіп, сайыстың талаптары бойынша қатысушыларды бақылады. Жарыс әскерилердің кәсіпқойлық деңгейін арттырды деген сенімдемін. Әскери бөлімде жауынгерлік дайындық бойынша арнайы сабақтар, сайыс өткізіліп, үздік шыққандарды іріктеп алдық. Әскери қызметшілер артылған міндетті жоғары көрсеткішпен аяқтады, – деген 18404 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жанат Ермұханов десантшылар әрдайым өзіне қойылған тапсырманы орындауға дайын болуы тиіс екендігін айтты. 
Сайыстың нәтижесі бойынша ең көп 143,5 ұпай жинаған 18404 әскери бөлімі бірінші орыннан көрінді. 61993 әскери бөлімі екінші, ал 48386 әсери бөлімі үшінші орынды қанжығалады. Бес кезеңнен де 191 ұпай жинаған 18404 әскери бөлімінің қызметшісі, ефрейтор Сәкен Лесбай «Үздік атқыш» атанды. Сайыс барысында десанттық-шабуылдау әскерлерінің мүмкіндігіне көз жеткізіп, даярлығына куә болыстық. Елбасының: «Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы – нағыз бес қаруы сай әскер», – деген сөзі сап түзеген әрбір азаматтың жігерін жандандырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттырары анық. Сондықтан, қазақ армиясының қорғанысы қашанда берік. 

М. ДАНИЯРҰЛЫ