"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІ АРҚЫЛЫ САРБАЗДАР СӘЛЕМ ЖОЛДАЙ АЛАДЫ

Уақыты: 17.03.2019
Оқылды: 1508
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Дарын Есенғалиев, 
ҚР Ұлттық Ұланының 6636 әскери бөлімінің сарбазы:

– Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеп жүрмін. Кербұлақ ауданы, Көктал ауылындағы ата-анам, туған-туыс, дос-жарандарыма дұғай-дұғай сәлем жолдаймын. Сіздерді қатты сағындым. Көз алдымнан туған жерім еш кеткен емес. Ұйқымнан ояна сала соны ойлаймын. Осылардың барлығы жігерімді жанып, рух сыйлайды. Сарыарқаның аязы қанша тоңдырса да туған жерге деген аңсарым жаныма жылу сыйлайды. Аз уақыттан соң аман-есен орталарыңызға ораламын. Сіздердің үкілі үміттеріңізді ақтау үшін барымды салудамын. Сондықтан қатты уайымға берілмеңіздер.

 

Ернат Аманбаев, 
ҚР Ұлттық Ұланының 6656 әскери бөлімінің сарбазы:

– Талдықорған қаласындағы ата-анама сәлем жолдаймын. Тотыдай түрленген қаламды қатты сағындым. Ондағы достарымды да. Артымнан ерген төрт қарындасымның маңдайларынан сүйдім. Менің жағдайыма келер болсақ, бәрі тамаша. Еліміздің батыс өңіріндемін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған өзім секілді сарбаздармен жақсы тіл табысып, дос таптым. Әскери киім киіп, соғыс қаруларын қолдануды мықтап меңгеріп жатырмыз. Сөз соңында жақындарымның тыныштығын қорғауға берген антыма адал болып, Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып қайту үшін тағы да сөз беремін.