ТЕРРОРЛЫҚ ШАБУЫЛДАН ҚАЙТЫС БОЛҒАН ЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1112
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ават аулындағы Омар Мухаммадий атындағы орта мектебінде подполковник Даниэль Майлыбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық турнир өтті. Ол Ақтөбе қаласында болған террорлық шабуыл кезінде қаза болған еді.

Спорттық шара «Қаһарман» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы Муталип Калиев бастамасымен, Омар Мухаммадий атындағы орта мектебі басшылығының қолдауымен және Даниэль Майлыбаевтың туған інісі Аян Майлыбаевтың демеушілік етуімен ұйымдастырылды. Оған подполковниктің ата-анасы Ақарыса Майлыбаев және Гүлістан Аллабергеновалармен қатар бірқатар құрметті қонақтар қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша өздерінің салмақ категориясы бойынша бірнеше жасөспірім жеңімпаз атанды. Командалық есеппен 1-орын Ават аулының боксшыларына, 2-орын Бәйтерек аулының спортшыларына, 3-орын Талғар қаласының өрендеріне берілді. 
Ринат Жалалов, Қанат Әбдікерімов, Максим Милтононян, Ерболат Құрақбаев үздік тренерлер аталса, турнирдің үздік боксшылары – Жомарт Шыныбеков, Имран Ниясов, Ильдар Кадыр болды.

Аталған мектепте подполковник Даниэль Майлыбаевты еске алу шарасы жыл сайын өтіп тұрады. Ол осы мектептің түлегі.   Даниэль мектепте үздік оқыды, спортпен белсенді айналысқан және әскери қызметші болуды бала кезінен армандаған. Сол арманы жетелеп, 1999 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Әскери институтын үздік бітіріп шықты.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы № 382 Жарлығымен Даниэль Майлыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «подполковник» әскери атағымен, «Ұлттық қауіпсіздік органдарындағы үздік қызметі» медалімен қайтыс болғаннан кейін  марапатталды.

Ақтөбедегі қанды оқиғадан жеті адамның өмірі қиылды, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері кіші сержант Берік Қалиев, қатардағы Досбол Сапар бар.

Данара Баймағанбетова,
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 
баспасөз қызметінің басшысы