САРБАЗДЫҢ БІР КҮНІ: 16 АДАМДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 04.04.2019
Оқылды: 1357
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұлттық ұлан 5514 әскери бөлімінің жеке құрамы күн сайын Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін күзету бойынша жауынгерлік қызметке шығады.  Сырт көзге байқалмағанымен, олар күн сайын болып жататын түрлі жағдайларда батылдық көрсетіп жүр.

Мысалы биылғы жылдың 20 наурызында Қабанбай батыр көшесімен келе жатқан 5514 әскери бөлімінің әскери жасағы (құрамында қатардағы жауынгерлер Данияр Халимов, Ризабек Олжин, Сәт Комшабайлар бар) №66 үйдің 1-қабатының өртеніп жатқанын көріп, бірден өздерінің басшылық кезекшісіне, медициналық жедел жәрдемге және өрт сөндіру қызметіне хабар береді. Сарбаздар бұл жағдайда әр минуттың маңызды екенін жақсы білгендіктен, дереу үй тұрғындарын  сыртқа шығара бастайды.

5514 әскери бөлімінің әскери наряд кезекшісі капитан Ерлан Жетібаев жағдайды анықтаған соң, оқиға орнына басқа бағыттарда патрульде жүрген жеке құрамды да тұрғындарға көмек көрсетуге және үйді қоршауға алу үшін шақырды. Барлығы Ұлттық ұланның 13 әскери қызметшісі азаматтарға көмекке келді.

Медициналық жедел жәрдем, өрт сөндірушілер және ішкі істер органдарының қызметкерлері келгенше, әскери наряд күшімен 16 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды.Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының өрт есептобы 1 сағаттың ішінде қызыл жалынды толық сөндірді.  

Өрттің «Семиречный колбас» дүкенінен шыққаны анықталды. Ал тұрғындар Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысдарын жаудырды.

Дәл осы күні Талдықорған қаласының полиция бөліміне жаппай төбелес болып жатқан жердің мекенжайы айтылған хабар келіп түседі. Әскери жасақ кезекшісі, лейтенант Арман Қасенов бастаған құрамында қатардағы жауынгерлер Владислав Гаррас,  Шамшидин Анафия, Бейбарыс Лестер бар әскери жасақ жаппай төбелес болып жатқан ауданға қарай асығады.

Ұлттық ұлан сарбаздарын байқаған бұзақылар жан-жаққа қаша жөнеледі, дегенмен жасақ 5 адамды ұстап, қалалық батыс полиция бөліміне төбелестің себебін анықтау және бұзақылық әрекеттер бойынша процессуальдық шешім қабылдау үшін алып келді.

Өрт кезінде тұрғындарды құтқару және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ынтасы және жігерлі іс-әрекеттері үшін 5514 әскери бөлімінің командирі жеке құрамға алғыс айтып, марапаттады.

Данара Баймағанбетова,
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметінің басшысы.